Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыз су мен жылудың жайын айтты

Ауыз су мен жылудың жайын айтты

Жуырда аудан әкімдігінің баспасөз орталығында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ Шиелі аудандық газ шаруашылық бөлімінің басшысы А.Тұтқабайқызы мен «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі бастығының орынбасары Т.Оқапов жылу мен су мәселесі жөнінде брифинг өткізді.
Жаз мезгілі аяқталып, күз келісімен-ақ, елдің «Биылғы қыс қатты болады екен» деген сөзін жиі естіп жүрмыз. Кейде күздің бірде жылы, бірде салқын құбылмалы ауа райы да қыр астында тұрған қыстың мінезін ептеп сездіретіндей. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, күн жылы, жер қара кезде қысқа дайындық жұмыстарын жүйелеп алған жөн. Жалпы, қысқы жылыту маусымына дайындықтың өзі үлкен жауапкершілікті қажет ететін науқан. Дайындық кезінде әрине, мәселе де қатар жүреді.
Өткен аптада құбылған ауа райының салдарынан жылу жүйесінде біршама қиындықтар туындады. Жел күшейгенде көгілдір отынға қосылған бірқатар тұрғын үйдің газдары өшіп, көпшілігі наразылық білдіріп жатты. Осыған байланысты, газ мәселесі жөнінде сала басшысы жергілікті БАҚ өкілдеріне мәселенің себеп-салдарын түсіндірген еді.
А.Тұтқабайқызының айтуынша, 5 қараша күні ауа райының күрт салқындауынан және тұтынушылардың табиғи газды пайдалану көлемінің ұлғаюына байланысты газ тарату желісіндегі қысымның төмендеуінен бірқатар жағдайлар орын алған. Сол себепті, мекемелер мен жеке тұрғын үйлердегі азаматтардың түсіністікпен қарауын сұрап, жұмыстар жүргізіліп жатқандығын хабарлады.
– Аудан бойынша 7300 газ абономентке қосылса, сол күні 2300 тұрғын үй мен 33 коммуналдық мекемеде газ өшіп қалған. Яғни, аталған көрсеткіш бойынша газ қысымының әсері басым болуына байланысты реттеуіш құрылғылар барлығында өшпеген. Аудан тұрғындары газдың қысымын қадағалап отырса, – деген ұсынысын да жеткізді.
Екінші мәселе бойынша, «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінен Төрехан Оқапов ауыз су мәселесі жөнінде жаңа өзгерістер енгізілгеніне тоқталып өтті. Атап айтқанда, 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін бюджеттен субсидиялар ауызсуды есепке алу тұтынушылар үшін 1 адамға тәулігіне 140 литр, айына 4,3м дейін – 30тг болса, нормадан асқан ауыз су көлеміне тұтынушы – 60 тг тарифпен төлейді. Сонымен қатар, 10 елді мекен су қоймалары самотекпен толтырылады.

Нұрай АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
12 қараша 2021 ж. 754 0