Жылу маусымының жайы қалай?
Соңғы 3-4 күнде ауа райы күрт суыды. Содан ба күздің қоңыр салқынында қамсыз жүрген жұрт біраз абдырап қалғаны рас. Әрине, «Қыс шанаңды жаз сайла» деген қазақ ерте бастан отын-суын қамдап, көмірін түсіріп қоюға асығады. Десе де бұл жолы көгілдір отыннан мәселе туындаған сыңайлы.
Қаһарлы аяз бой көрсеткелі кент тұрғындарының арасында «Үйіміз жылымай қойды. Бұрын қыс бойы газ пешін 3-шi деңгейге қоюшы едік. Қазір 5-ке дейін көтерсек те үйіміз әрең жылиды. Биыл көгілдір отынның қауқары аз» деп шағымданушылар көбейді.

Қазіргі таңда кент бойынша 6 мыңнан аса тұрғын үй мен 200-ге жуық мекеме көгілдір отынға қосылған. Одан бөлек Ы.Жақаев пен Бидайкөлдегі 500-ге тарта үйдің газбен жылытылатыны тағы бар. Бірер күнде байсындықтар да көгілдір отынға қол жеткізбек. Кент пен елді мекендердегі бірнеше мектептердің жылу қазандықтарын газға ауыстыру құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтіп жатқаны да белгілі. Ауданның ахуалы жақсарып, жұрт енді ғана көгілдір отынның шарапатын сезініп, от жағып, күл шығарудан арылдым ба дей бергенде жылудың жарытпағаны қалай? Мұны ҚазТрансАймақ Шиелі ауданы бойынша филиалының басшысы Айгүл Молдраевадан сұрадық. Айтуынша өткен аптада Көкшоқы елдімекенінде газ құбыры жарылып, апат орын алған.
– 19 қараша күні түнгі сағат 1 шамасында газ құбырының жарылғаны жайлы бізге хабар келді. Мамандар бірден оқиға орнына барып, олқылықты ретке келтірді. Жөндеу жұмыстары кезінде төрт сағатқа дейін уақытша жылуды тоқтатуға мәжбүр болдық. Одан бері көгілдір отын ойдағыдай беріліп жатыр.Ең бастысы газдың қысымы қалыпты. Ал үйдің жылымауы газ пештерінің сәйкес келмеуі не баспананың жағдайы мен ауа райына да байланысты болуы мүмкін. Бізде сағатына 30 мың кубқа дейін газ таратуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда қажеттілікке қарай сағатына 20 мың кубқа да жетпейтін көгілдір отын беріліп жатыр. Сондықтан көгілдір отынның қысымы жағынан еш кедергі болмайды, – деді мекеме басшысы.
Білім мекемелерінің жайы қалай?
Бәрімізге белгілі, екінші тоқсаннан бастап барлық мектепте кезекші сыныптарда оқитын оқушылардың саны артты. Қаһарлы аяз да қарып барады, коронавирус дейтін дерттің әлі қаупі сейілмегені тағы бар. Осы бір шақта мектептерде барынша сақтық шараларын күшейту маңызды. Әсіресе, тазалықпен қоса сыныптың іші жылы болуы қажет. Білім бөлімі берген мәліметке сүйенсек, мектептерде түгелдей дерлік жылыту маусымына дайындық жүргізілген. Қатты, сұйық отындар да жеткілікті. Мәселен, 2020-2021 оқу жылына аудандық бюджеттен білім бөліміне қарасты 27 мектепке 10 176 тонна қатты отын алуға 132 млн 288 мың теңге бөлінген. Қажетті көмірді жеткізу үшін ерте көктемде-ақ «Нұрманов» жеке кәсіпкерлігімен келісім шарт жасалып қойған. Сұйық отынды қажет ететін 8 мектепке дизель сатып алуға қаралған қаржы 140 млн теңгеден асады.

– Көгілдір отынмен жылитын кенттегі 6 мектепке 55 млн 820,0 мың теңге қаржы бөлініп, мектептер жылу маусымына толық қосылды. Одан бөлек аудандық бюджеттен 25 млн 341 мың теңге қаржы бөлініп №45, 46, 252, 252/2, 148, 149 мектептерді газ отынына қосу мақсатында аудандық ТКШ бөлімі арқылы жоба сметалық құжаттары дайындалып, қазіргі уақытта сараптамадан өтуде, – дейді білім бөлімінің басшысы Ы.Мадиев.
Аудан бойынша жылу беру маусымының дәл қазіргі жайы осындай. Күн суып, денемізді аяз қарыса да, жүрегіміз жылы болсын.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ