Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрмет төрінен көрінген ардагер

Құрмет төрінен көрінген ардагер

«Қарты бардың – жұрты бар». Бұл бағзыдан қалған баба сөзі. Жұрты қазыналы қартын сыйлап, қамқорлық көрсетсе, әрине нұр үстіне нұр. Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Осы асыл қарттарымызды құрметтеу, оларға қамқорлық таныту жолында ауданда талай игілікті істер жүзеге асырылуда. Жуырда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенов және хатшысы М.Байекеев пен орынбасары Ө.Шәменов Шиелі ауданына арнайы іс сапармен келді.
Кент ардагерлері бас қосқан шарада 20 қараша күні кезектен тыс өткен Президент сайлауы, Жаңа Қазақстан құру жолындағы жаңа бастамалар сөз болды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил бастаған ардагерлер ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың легін баяндап, түрлі ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенов кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Күлімбетті 70 жасқа толуымен құттықтап, облыстың «Құрметті ардагері» төсбелгісін кеудесіне қадады.
Еңбек жолын аудандық ауруханадан бастаған Б.Күлімбет бар ғұмырын медицина саласына арнаған жан. Оның кеудесінде Халықаралық «Гиппократ» ордені, «Медицина саласына қосқан үлесі үшін», «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» медальдары жарқырап тұр. Бұл саналы ғұмырында денсаулық саласының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін берілген марапаттар. Ал оған Қазақстан Республикасының «Алтын дәрігер» атағымен марапатталуын қоса кетейік. Жастық жалынын адам жанын ажалдан арашалауға арнаған Б.Мәлібекұлы қарттық пайым парасатын қоғамдық істерге, жастарға бағыт-бағдар беруге арнап келеді. Бүгінде кент ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқаруы сөзімізге дәлел.

Г.ӘБДІХАНИ
06 желтоқсан 2022 ж. 292 0