Әлеуметтік қызметкер: кадр бар, қадірлей білеміз бе?
Қоғамдағы адамардың сан қилы тағдыры, оқыс жағдайға душар болған жандардың өмірі аудан тынысынан тысқары қалған емес. Айлары асығыс, күндері қауырт өтіп жатқан дүние дидарында мейірім мен қайырымға, аялы алақанға мұқтаж жандардың бары да мағлұм. Тағдыр жазуымен егде жаста жалғыз өмір сүруге мәжбүр қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де ыңғайлы, біртұтас жағдай жасау – қоғам алдында тұрған маңызды қадам. Ал оны жүзеге асырушылар – әлеуметтік қызметкерлер.
Есіл еңбегі ескеріле бермейтін, десе де ертеден кешке дейін бел жазбай жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлерді көпшілік тани бермейді. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов «Ақыл-есін жоғалтып, құлдыққа салынғандарды еліне қайтаратын да, құжаттарын қайта жасататын да, халықтың әлсіз топтарына көмектесетін де, науқас адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайтын да – осы әлеуметтік жұмыс мамандары» деп бастады сөзін. Расында, олар сан қилы тағдыр иесіне қолдау танытып, екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарды жұмыспен қамтуды да жоспардан тыс қалдырмайды.
Есіл еңбегі ескеріле бермейтін, десе де ертеден кешке дейін бел жазбай жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлерді көпшілік тани бермейді. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов «Ақыл-есін жоғалтып, құлдыққа салынғандарды еліне қайтаратын да, құжаттарын қайта жасататын да, халықтың әлсіз топтарына көмектесетін де, науқас адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайтын да – осы әлеуметтік жұмыс мамандары» деп бастады сөзін. Расында, олар сан қилы тағдыр иесіне қолдау танытып, екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарды жұмыспен қамтуды да жоспардан тыс қалдырмайды.
Біздің айтпағымыз, негізінен, әлеуметтік қызметкерлердің жайы болмақ. Олар қалай жұмыс жасайды? Күнделікті тіршіліктің ағынымен жүргенде адамдар мұндай қызметтердің барын да білмейді. Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы көзге көрінбейді. Жұмыс ережелері де өзгеше.
Әлеуметтік қызметкер жұмысшы ғана емес, сол үйдің жақын туысындай болуы керек. Ең бірінші болуы тиіс нәрсе – сенім. Жалғызбасты қариялар қызметкерлерге сенеді. Зейнетақыларын да әлеуметтік қызметкерлер келіп береді. Олар бөгде жанды үйіне кіргізбеуге тырысады. Өйткені қорқады. Егер еріктілер барып ауласын тазартып, үйін жөндеп береміз десе де әлеуметтік қызметкерсіз бара алмайды. Міне, бір емес, бірнеше адамның тағдыры үшін әлеуметтік қызметкердің алар орны осындай.
Ауыры мен жеңілі қатар жүретін әлеуметтік қызметкерлердің жұмысында қиындықтың таразысы басымдау түссе де қайыспай қызмет қылуға бекінгендері көзге көрініп-ақ тұр. Қаншама сауапты істің басы-қасынан табылатын да осы мамандар. Дегенмен жылына бір келетін атаулы мереке қарсаңында бірлі-жарым адам еңбегін елеп алғыс айтса, соны жетістікке балайтын олар қоғам назарын өздеріне бұруды ойламайды да. Қадірлі маман иелеріне арнайы мереке қарсаңында «Арман» мәдениет үйінде мерекелік шара ұйымдастырылды. Оны аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетов ашып, құттықтау лебізін білдірді. Одан соң халыққа қалтқысыз қызмет ұсынып жүрген мамандарды марапат мінберіне шақырды. Атап айтар болсақ, Б.Елжасарова, А.Ахметова облыс әкімінің, Д.Баймағанбетов, Р.Ағыбаева, Б.Балжігітова, Қ.Сағынтаев, С.Ділманова облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ П.Жұмабаева, А.Қожаева, Т.Ақпамбетова, С.Аширов, М.Тайжанов, Л.Мыңбаева, М.Биманова, Б.Досболғанов, Ғ.Ахметова, К.Әбдиева, А.Абилова, А.Айтжанова аудан әкімінің алғыс хатына ие болды.
Ал ұзақ жылдар аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде еңбек етіп, «Еңбек ардегері» медалін кеудесіне жарқырата таққан А.Сәрсенбаев, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төс белгісін иеленген А.Арыстанова, Құрмет грамотасымен марапатталған С.Көшкінбаева, министрліктің алғыс хатымен марапатталған Қ.Бекішевтердің адал еңбегін ел біледі.
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының Қазақстан бойынша сынамалы жоба ретінде ашылған алғашқы мекеме екенін ескерер болсақ, осындай жүгі ауыр жұмысты, «әлеуметтік қызметкер» атағын абыроймен алып жүрген, өз жұмысына шын ықыласпен кірісетін әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Олар үшін өзгенің проблемасы деген түсінік жоқ, қиналған адам көрсе қолұшын созып, көп саралап жатпай қолынан келген көмегін көрсетеді. Әлеуметтік қызметкерлердің осы салада тұрақтап қалуы да осы қасиеттерінде. Жалақысы жетіп артылмаса да, қызмет алушының бабын табу мақсатында қалтқысыз қызмет ету дене күшімен бірге психологиялық табандылықты да қажет етеді. Бұл жерде адамның діні, нәсілі, ұлты, жасы, білім деңгейі немесе қоғамдағы мәртебесі маңызды емес. Тек қана кең жүректі, адами бейнесі айқын, өзінен гөрі өзгелерге болсын дейтін адамның ғана қолынан келері анық. Айналамызда осындай мейірімді адамдардың көп болғаны қандай керемет! Олай болса, халықтың осал тобына қызмет етуде өз істерінің нағыз кадры болғандарды қадірлеу қоғамның да парызы емес пе?
Гүлнәр Дүйсебай