Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік қызметкер: кадр бар, қадір бар ма?

Әлеуметтік қызметкер: кадр бар, қадір бар ма?

Қоғамдағы адамардың сан қилы тағдыры, оқыс жағдайға душар болған жандардың өмірі аудан тынысынан тысқары қалған емес. Айлары асығыс, күндері қауырт өтіп жатқан дүние дидарында мейірім мен қайырымға, аялы алақанға мұқтаж жандардың бары да мағлұм. Тағдыр жазуымен егде жаста жалғыз өмір сүруге мәжбүр қарттар мен дерті жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де ыңғайлы, біртұтас жағдай жасау – біздің қоғам алдында тұрған маңызды қадам. Ал оны жүзеге асырушылар әлеуметтік қызметкерлер.
Есіл еңбегі ескеріле бермейтін, десе де ертеден кешке дейін бел жазбай жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлерді көпшілік тани бермейді. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов «Ақыл-есін жоғалтып, құлдыққа салынғандарды еліне қайтаратын да, құжаттарын қайта жасататын да, халықтың әлсіз топтарына көмектесетін де, науқас адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайтын да – осы әлеуметтік жұмыс мамандары» деп бас­тады сөзінің әлқиссасын. Расында, сан қилы тағдыр иесіне қолдау танытып, екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарды жұмыспен қамтуды да жоспардан тыс қалдырмайды олар. Статистикалық мәліметке сүйенер болсақ, ауданда экономикалық тұрғыдан белсенді 38003 халық бар. Оның 36156 жұмыспен қамтылған. Демек, жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентті көрсетіп тұр. Жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығына 3207 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, бүгінгі таңда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1176 адам екі қолға бір күрек тапқан. Мәселен бағдарламаның жаппай кәсіпкерлікті дамытудың екінші бағыты «Бастау Бизнес» жобасы аясында 323 азамат оқу курстарынан өтуге жолдама алып, онлайн режимде оқуда. Сондай-ақ 268 азаматқа сертификат беріліп, 165 адам жаңа бизнес идеяларын дамытуға мемлекеттік грант, 4 адам шағын несие алған.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасындағы еңбекке қабілетті адамдарды жұмысқа тарту мақсатында да – 723 адам қамтылса, оның 355-і қоғамдық жұмысқа қабылданды. Осы орайда айта кетейік жыл басынан бері 1687 отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілді. Қазіргі таңда 1192 отбасына кепілдендірілген әлеуметтік топтама таратылуда. Оның ішінде, 1-3 жас аралығындағы 561, 3-6 жас аралығындағы 828 бала барын тілге тиек еткен білікті басшы А.Рүстемұлы әр қызметкердің жүктелген міндеті мен атқарар қызметі таудай екенін жеткізді.
Біздің айтпағымыз, негізінен, әлеуметтік қызметкерлердің жайы болмақ. Олар қалай жұмыс жасайды? Күнделікті тіршіліктің ағынымен жүргенде дені сау кейбір адамдар мұндай қызметтердің барын да білмейді. Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысы көзге көрінбейді. Жұмыс ережелері де өзгешелеу.
Әлеуметтік қызметкер жұмысшы ғана емес, сол үйдің жақын туысындай болуы керек. Ең бірінші болуы тиіс нәрсе – сенім. Жалғызбасты қариялар қызметкерлерге сенеді. Зейнетақыларын да әлеуметтік қызметкерлер әкеліп береді. Олар бөгде жанды үйіне кіргізбеуге тырысады. Өйткені қорқады. Егер еріктілер барып ауласын тазартып, үйін жөндеп береміз десе де әлеуметтік қызметкерсіз бара алмайды. Міне, бір емес, бірнеше адамның тағдыры үшін әлеуметтік қызметкердің алар орны осындай.
Бүгінгі таңда ауданда мүмкіндігі шектеулі 2362 адам есепте тұр. Сондай-ақ үйде қызмет көрсетілетін 120 жалғызбасты қарттар мен 131 мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Аталған маман иелері мүгедектерге әлеуметтік такси қызметін де ұсынады. Ауыры мен жеңілі қатар жүретін әлеуметтік қызметкерлердің жұмысында қиындықтың таразысы басымдау түссе де қайыспай қызмет қылуға бекінгендері көзге көрініп-ақ тұр. Қаншама сауапты істің басы-қасынан табылатын да осы мамандар. Дегенмен жылына бір келетін атаулы мереке қарсаңында бірлі-жарым адам еңбегін елеп алғыс айтса, соны жетістікке балайтын олар қоғам назарын өздеріне бұруды ойламайды да. «Еңбек ардегері» медалін кеудесіне жарқырата таққан А.Сәрсенбаев, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төс белгісін иеленген А.Арыстанова, Құрмет грамотасымен марапатталған С.Көшкінбаева, облыс әкімінің алғыс хатын иемденген З.Жүсіп, министрліктің алғыс хатымен марапатталған Қ.Бекішевтер адал жұмыстың жемісін татқандар.
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының Қазақстан бойынша сынамалы жоба ретінде ашылған алғашқы мекеме екенін ескерер болсақ, осындай жүгі ауыр көшті бастап жүрген Ағыбай Төлегенов пен «әлеуметтік қызметкер» атағын абыроймен алып жүрген, өз жұмысына шын ықыласпен кірісетін әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Олар үшін өзгенің проблемасы деген түсінік жоқ, қиналған адам көрсе қолұшын созып, көп саралап жатпай қолынан келген көмегін көрсетеді. Әлеуметтік қызметкерлердің осы салада тұрақтап қалуы да осы қасиеттерінде. Жалақысы жетіп артылмаса да, қызмет алушының бабын табу мақсатында қалтқысыз қызмет ету дене күшімен бірге психологиялық табандылықты да қажет етеді. Бұл жерде адамның діні, нәсілі, ұлты, жасы, білім деңгейі немесе қоғамдағы мәртебесі маңызды емес. Тек қана кең жүректі, адами бейнесі айқын, өзінен гөрі өзгелерге болсын дейтін адамның ғана қолынан келері анық. Айналамызда осындай мейірімді адамдардың көп болғаны қандай керемет! Олай болса, халықтың осал тобына қызмет етуді өз істерінің ­кадры болғандарды қадірлеу қоғамның да парызы емес пе?

Гүлнәр Дүйсебай
03 қараша 2020 ж. 699 0