Қайратты сомдаған қайсар балалар

Тәуелсіздік мерекесі аясында өткен шараға әлеуметтік қызмет алатын мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты.
Мерекелік шараны жеке кәсіпкер Ғ.Жолдасов ашып, балаларды мерекесімен құттықтады. Ә.Тәжібаев ауылының әлеуметтік қызметкері С.Тоқтыбай қызмет алушы Е.Құлмағанбетов пен Ж.Әубәкірді сахна төріне шығарып, өнерін көрсетсе, Ақмая ауылының әлеуметтік қызметкері Г.Жұмабаева мүмкіндігі шектеулі Д.Әлібекованың Тәуелсіздік турасындағы тақпағын орындатты. Ал А.Ахатованың қызмет алушысы А.Жақсылықова «Елімнің жүрегі» деп ән салса, енді бірі қайсар Қайратты, бірі Ләззатты сомдап, көрерменнің жанарына жас ұялатты.
Кешті аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы Н.Пірімбет пен балалаларға және он сегіз жастан асқан азаматтарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы С.Көшкінбаева қорытындылап, шараға қатысқан балаларды алғыс хатпен марапаттап, демеушілердің сыйлығын табыстады. №47 Ломоносов атындағы мектепте өткен шараға Ә.Сейітжанов басшылық жасайтын «Есабыз ата» қайырымдылық қоры демеушілік танытты. 2009 жылы құрылған бұл ұйым тұрмысы төмен аудан халқына, мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемі қол ұшын созып келеді.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ