Халық қалаулылары елмен бірге

Жалпы Шиелі топырағында облыс басшысының қолдауы арқасында бірқатар нәтижелі жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. Cоңғы жылдары өңірдің барлық саладағы дамуы айқын байқалады.
Сенаторларды аудан әкімі Н.Ахатов күтіп алып, өңірдегі бірқатар кәсіпорын мен мекемені аралатты. Халық қалаулылары алдымен құны 64 млрд теңгені құрайтын «Гежуба Шиелі цемент» зауытына ат басын бұрды. Мұнда сенат депутаттарын зауыт директорының орынбасары Фу Минг күтіп алып, зауыттың мүмкіндігімен таныстырды. «Гежуба» іске қосылған күннен бастап 1 млн тоннаға жуық цемент өнімін өндірген. Оның 30 проценті Өзбекстан республикасына экспортталған.
Айта кететін тағы бір дүние, зауытта 95 процент жергілікті азаматтар жұмыс істейді. Сондай-ақ өткен жылы әлемді әбігерге салған індет өршіп, елде карантиндік режим жарияланған сәтте зауыт басшылығы қызметкерлерге 50 процент жалақы тағайындап отырғанын тілге тиек етті.
Депутаттық топ одан кейін 2016 жылы іске қосылған жеке кәсіпкер С.Ермахановтың «Ару Ана» шұбат өңдеу цехына бас сұқты. Мұнда мәжілісмендер өнім өндіру барысындағы жаңа технологиялармен, жұмыс барысымен танысты. Тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтінен қаймақ, йогурт, айран, сүзбе, құрт және балмұздақ өнімдерін нарыққа шығарып отырған кәсіпорын өңірлік индустриалды картаға енгізілген болатын. Өндіріс орнының бас технологі Баян Сабырқызы депутаттарға өндіріс жайлы толық мәлімет берді.
Шынында, Шиеліде атқарылған шаруалар аз емес. Алайда болашағы кемел, бағыты айқын аудан халқының жағдайын жақсарту үшін істелетін жұмыстардың мұнымен шектелмесі айқын.
Ш.ШАҒДАТҰЛЫ