Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Депутаттар ел ішінде

Депутаттар ел ішінде


Депутаттарды халық қалаулысы, қарапайым халық пен биліктің арасын жалғастыратын көпір деуіміз бекер емес-ті. Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі осы халық қалаулыларына аманат.

Апта ортасында ауданымызға кезекті іс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қ.Жабағиев пен Б.Жылқышиевтің Қызылорда облысына ат басын бұрудағы  мақсаты да Елбасының Жолдауын­ тұрғындарға түсіндіріп, халық қалаулыларының атқарып жатқан жұмыстары туралы баян­дап,  елмен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдау болды.
Мәжілісмендердің елмен жүздесуінде аудан әкімі Ә.Оразбекұлы, аудандық мәслихат хатшысы Б.Сыздықов, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі М.Баекеев пен «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет бірге жүрді.
Жалпы, Шиелі топырағында облыс басшысының тікелей қолдауы арқасында бірқатар нәтижелі жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Cоңғы жылдары өңірдің барлық саладағы дамуы айқын байқалады.
Сонымен, жұмыс тобы алдымен жобалық құны 45 млн. теңгені құраған, 2016 жылдың наурыз айында іске қосылған жеке кәсіпкер С.Ермахановтың «АруАна» шұбат өңдеу цехында бас қосты. Мұнда меймандар өнім өндіру барысында пайдаланылып жатқан жаңа технологиялармен, жұмыс барысымен танысып, көңіл тоғайтты. Айта кету керек, тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтінен қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт және балмұздақ өнімдерін нарыққа шығарып отырған кәсіпорын өңірлік индустиралды картасына енгізілген болатын.
Елбасының жүргізіп жатқан сара сая­­саты мен бағамды бағдарламаларын халыққа түсіндіріп, насихаттауды мақсат тұтқан халық қалаулылары әрі қарай аудандағы іргелі құрылыс «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС жұмысымен танысты. Естеріңізге сала кетсек, жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығаруды межелеуде. Зауыттың құрылысы басында қызметкерлермен тілдесіп, жуырда Қытай елінен білімдерін жетілдіріп келген 17 жас маманды әңгімеге тартты. Депутаттар аталған кәсіпорын іске қосылған сәттен жұмысының жанданып, өнімге сұраныстың артуы қашан да білікті мамандармен тікелей байланысты екендігін де назарға салды.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жайымен танысуды жоспарлаған Парламент Мәжілісінің депутаттары­ елдің жай-күйіне назар салуды да ұмыт қалдырмады. Сөзімізді нақтылар болсақ, Төңкеріс ауылдық округінде мем­лекеттік-жекешелік әріптестік аясын­­да салынған спорттық кешеннің жұмысымен танысып, ұжымымен кездес­кен аудан қонақтары салауатты өмір салтын серік еткен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығына тәнті болды.
(Басы 1-бетте)
Туған жерге тағзым жасауды ұмытпайтын киелі топырақ азаматтарының ел игілігі үшін жасап жатқан осынау істері депутаттарды ризашылық сезімге бөлегендігін жүздерінен аңғару қиын болмады.
Жуантөбе ауылдық округінде де дәл осы көрініс қайталанып, спорт кешенге бас сұққан жұмыс тобы бұл жолы таңданыстарын жасыра алмады. «Әр ауылда бұқаралық спорт түрлерін дамытуды қолға алу үшін кәсіпкерлердің мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезініп, елеулі істердің артуы кімді де болса қуантады. Жастардың спортқа ден қоюы, бұқараның осы салаға қызығуы әлеуметтің әлеуетін арттырады» деген ойларын ортаға салып, көзбен көрген келелі істерін тілге тиек етті. Шиелі ауданына келген әрбір мейман арнайы табан тірейтін дәстүрлі орындар қатарында Н.Бекежанов және Ы.Жақаев музейлері бар. Бұл мұражай жәдігерлерімен танысу да қонақтарға қуат беріп, рухани байытқандай. Тарих қойнаулары мен бедерлерінен сыр шертетін экспонаттардың өзіндік сырлары мен сипаттары жеке-жеке таныстырылып, әр дәуірдің көріністеріне қанықты.
Күннің екінші жартысындағы жұмыс құрылыс алаңына айналған Шиелінің тағы бір іргелі құрылысының басында жалғасты. Иә, Отанымыздың келешегі, көркеюі – салауатты өмір салтын сақтауды қолдауда. Осы орайда, Қ.Жабағиев пен Б.Жылқышиев жыл аяғында беріледі деп жоспарланып отырған 150 орынға арналған аудандық аурухананың құрылыс жұмыстарымен танысып, жанындағы емхана ұжымымен кездесті.  Елбасы Жолдауында көрсетілген әрбір бағытты назарға алған депутаттар өзекті мәселелерді алға тартты. Оның ішінде халықтың денсаулығы да маңызды мәселе екендігін баса айтты.
Сонымен, бір күнгі сапар Бидайкөлде қорытындыланды. Жете тоқталар болсақ, жуырда пайдалануға берілетін ауыл тұрғындарының қуанышын еселеп, уақытты тиімді өткізуге арналатын орындар санатына енетін қауыз құрылысы басынаатбасын тіреді. Мұнда қадірлі қонақтарды меймандос көңілмен қарсы алған ауыл ардагерлері аудан көлемінде атқарылып жатқан іргелі істерге көңіл толатындығын, дамудың даңғыл жолындағы ауданымыздың экономикасы ілгері екендігін алға тартты. Шынында, Шиеліде атқарылған шаруалар аз емес, алайда, болашағы кемел, бағыты айқын аудан халқының жағдайын бұдан да жақсарту үшін жасалатын жұмыстардың мұнымен түгесілмесі айқын.
Осылайша, тірлігі таудай, бірлігі бекем баудай өлкенің әлеуметтік нысандарын аралап, халықпен кездескен Мәжіліс депутаттары өзгеше ой түйді.
Дина ЖҮСІПОВА,
Жұлдызай НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ.
Б.Бәйімбет (фото).
27 қазан 2018 ж. 1 506 0