Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕНАТОРЛАР ШИЕЛІДЕ

СЕНАТОРЛАР ШИЕЛІДЕ

Кеше, Парламент сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ләззат Жаңылысқызы өңірге іс-сапармен келді.
Сенаторларды аудан әкімі Қ.Мүбараков күтіп алып, өңірдегі бірқатар кәсіпорындар мен мекемелерді аралатты. Меймандар әуелі кентке кіре берісте орналасқан «Аруана» шұбат өңдеу цехында болды. Күніне 1 тонна ағарған өнімін өндіретін аталған зауыт қазіргі таңда түйе, сиыр сүтінен шұбат, құрт, ірімшік, балмұздақ тағамдарын өндіріп, ауданнан бөлек көршілес облысқа сатылымға шығарып келеді. Өндіріс орнының бас технологі Баян Сабырқызы депутаттарға өндіріс жайлы толық мәлімет берді.
Халық қалаулылары осыдан кейін құны 64 млрд теңгені құрайтын «Гежуба» Шиелі цемент зауытына ат басын бұрды. Мұнда меймандарды зауыт директорының орынбасары Фу Минг күтіп алып, зауыттың мүмкіндігімен толық таныстырды. «Гежуба» цемент зауыты іске қосылған күннен бастап 500 мың тоннадан астам цемент өнімін өндірген. Соның 30 процентін Өзбекстан республикасына экспорттаған. Айта кететін тағы бір дүние, зауытта 95 процент жергілікті азаматтар жұмыс істейді. Сондай-ақ өткен жылы әлемді әбігерге салған індет өршіп, барлық жерде жұмыс тоқтап, елде карантиндік режим жарияланған сәтте де зауыт басшылығы қызметкерлерге 50 процент жалақы тағайындап, беріп отырған.

Парламент депутаттары аудандық аурухананың да жұмысымен танысып, ондағы дәрігерлермен сұхбаттасып, емханадағы соңғы үлгідегі технологиялардың жұмысына көз жеткізді. Өз кезегінде аудандық аурухана басшысы, мәслихат депутаты Нұрлан Әмір ауданға қажетті, күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселелерді көтеріп, сенаторларға құлаққағыс етті.

Сенат депутаттарының аудандағы соңғы сапары Шиелі Агро колледжінде жалғасты. Мейрамхан Дүйсенов басшылық ететін оқу орнында бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы, тігінші, электрик, дәнекерлеуші, аспаз, пайдалы қазбаларды ашық түрде қазу мамандықтары бойынша 502 студент тәлім алады. Колледж заманауи техникалық оқыту құрылғылармен толық қамтылған. Кітапхана қорында 14 мың 734 кітап бар.

Елдос ЖҮСІП
05 қаңтар 2021 ж. 459 0