Халық қалаулылары халықпен жүздесті
Өткен жұма күні ҚР Мәжіліс депутаттары Н.Дулатбеков, А.Ералиев, Б.Мамраев, Б.Мәкен, К.Мұсырман арнайы жұмыс сапарымен ауданға атбасын бұрды. Ондағы мақсат – Шиелінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, аудан ахуалын көзбен көріп, мұндағы елмен емен-жарқын әңгімелесіп, мұң-мұқтажын тыңдап, жақын байланыс жасау болды. Сондай-ақ, Елбасының Жолдауын тұрғындарға түсіндіріп, халық қалаулыларының атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндама да жасалды.
Сыр еліне сапарлап келген депутаттарды «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Е.Байтілес бастап келді. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы мен «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет алып жүрді. Жұмыс тобының әуелгі іс-сапары 2016 жылдың наурыз айында іске қосылып, бүгінде Жаңақорған, Шиелі аудандары мен қатар Қызылорда, Алматы, Ақтөбе қалаларын табиғи түйе сүтінің өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған жеке кәсіпкер С.Ермахановтың «Ару-Ана» шұбат өңдеу цехынан басталды. Аталмыш цехтың жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесінде 2017 жылы кооператив құрылып, қазіргі таңда коперативте 750 бас түйе, 285 бас зеңгі баба төлі тіркелген. Тәулігіне бір тонна өнім шығаратын цех былтырдан бастап, Қазақ Ұлттық Аграрлық университетімен бірлесіп жұмыс жасап келеді. Соның нәтижесінде бүгінде шұбаттың сақталу мерзімін 6 айға жеткізіліп, айранға қажетті ашытқыны өздері шығаратын болған. Кәсіптерін шағын шаруашылықтан бастап, жыл өткен сайын дамытып, өндіріс орындарын кеңейтіп келе жатқан «Ару-ана» цехының бүгінгі тіршілігіне дән риза болған ел қалаулылары табиғи өнімнің дәмін алып, кәсіп егелеріне сәттілік тіледі.
Бұдан кейін, депутаттар республикалық маңызы бар «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының жұмысымен танысты. Жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығаруды көздеп отыр. Бұл жерде меймандарды компания директорының орынбасары Фу Минг күтіп алып, зауыттың жалпы жұмыс жоспарымен таныстырды. Бізге белгілі болғандай зауыт ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында алғашқы өнімін шығарғалы отыр. Ал, томпанажды цемент толық өндіріске шыққан күннен бастап, Түркістан, Қызылорда облыстарын цементпен қамтамасыз ететін болады.
Цемент зауытының жайына қанық болған қонақтар теріскейден бой көтеріп, жыл соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырған 150 орындық аудандық аурухананың құрылыс жұмысымен танысты. Мұнда Елбасы Жолдауында көрсетілген әрбір бағытты назарға алған депутаттар өзекті мәселелерді алға тартты. Оның ішінде халықтың денсаулығы да маңызды мәселе екендігін баса айтты.
Шиелі ауданына келген әрбір мейман арнайы табан тірейтін дәстүрлі орындар қатарында Н.Бекежанов және Ы.Жақаев музейлері бар. Бұл мұражай жәдігерлерімен танысу да қонақтарға қуат беріп, рухани байытқандай. Тарихтан сыр шертетін экспонаттардың өзіндік сырлары мен сипаттары жеке-жеке таныстырылып, әр дәуірдің көріністеріне қанықты.
Сондай-ақ, Шиелі индустриалды аграрлық колледжінің жұмысымен танысып, колледж ұжымымен кездесті. Бағдарлама соңында мәжіліс депутаттары Бестам ауылдық округінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорттық кешеннің жұмысын көріп, салауатты өмір салтын серік еткен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығына тәнті болды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
Елдос ЖҮСІП.