Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кел, балалар, оқылық

Кел, балалар, оқылық

Биылғы оқу жылында Шиелі ауданында 18 мың 823 бала мектепке барады. Оның ішінде 1850 бала мектеп табалдырығын алғаш аттамақ. Бұл туралы білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қанат Әмзеев хабарлады.
Қанат Алтынсарыұлының айтуынша, қазіргі таңда аудандағы барлық мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті санитарлық-гигеналық заттармен қамтамасыз етілген.
– Оқулықтармен қамтамсыз ету мәселесіне келер болсақ, 9 баспадан 62 мың 592 жаңа оқулықтар алынып, мектетептерге берілді. Сондай-ақ, жаңа оқу жылы өзгерістермен де ерекшеленіп отыр. Мәселен, биылдан бас­тап барлық мектептер 5 күндік оқу аптасына көшеді. 2-11 сыныптар үшін оқу аптасының ұзақтығы 36 апта болып белгіленсе, 1 сыныптарда оқу аптасы 35 апта болып бекітілді. Бірінші сыныптар әліпби мен ана тілі пәнін оқыса, көркем еңбек пәні еңбекке баулу мен бейнелеу өнері болып екіге бөліп оқытылмақ. Ағылшын тілі 3-ші сыныптан, орыс тілі 2-ші сыныптан бастап оқытылады. Сондай-ақ, «Өзін-өзі тану» пәні міндетті пән ретінде оқытылмайтын болды, – дейді Қанат Әмзеев.
Мұнан соң мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына тоқталған ол ­аудан бойынша 1 жаңа мектеп құрылысы жүріп жатқанын, сондай-ақ 2 мектепке қосымша құрылыс жүргізу мен 1 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша өтінімдер жолданғанын айтты. Сонымен қатар 6 мектептің жылу қазандықтарын ауыстыруға 39 млн теңге қаралып, алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Тағы бір айта кетерлігі, биыл №149, №148 мектептердің жылу қазандықтары реконструкцияланып, табиғи газға қосылса, жыл аяғына дейін №45 мектеп-лицейі табиғи газ жүйесіне қосылмақ. Мектепті жаңа оқыту құрылғылары бар кабинеттермен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жаңа үлгідегі биология кабинетімен 2 мектеп, химия кабинетімен 3 мектеп, физика кабинетімен 2 мектеп қамтылған. «Мектепке жол» акциясы аясында 4135 балаға 37 мың 390 теңге көлеміндегі көмек көрсетілсе, демеушілікпен 1648 балаға көмек берілген. Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы 1 тамыз бен 30 қыркүйек арасында ұйымдастырылады.
Келесі кезекте балабақша мәселесіне тоқталған білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қ.Әмзеев «Ауданда 18 мемлекеттік, 75 жеке балабақша бар екендігін айтты. Оның ішінде мемлекеттік балабақшаларда 1 735 тәрбиеленуші, жеке балабақшаларда 4 432 бала тәрбиеленуде», – деді. Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап жеке меншік балабақшалар лицензиялаудың жаңа рәсімінен өтетінін айтты.

Рамазан ӘНӘПИЯ
02 қыркүйек 2022 ж. 783 0