ОБЛЫСТА ВАКЦИНА ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ

– Пандемия басталғалы бері Қызылорда облысы бойынша коронавирус инфекциясының 25720 жағдайы анықталған. Оның ішінде 16 833 жағдай симптомды болса, 8887 деректе клиникалық белгілер байқалмаған. Дегенмен вакцинация жұмыстары басталғалы өңірде індет жұқтыру мен өлім-жітім көрсеткіштері күрт азайған. Мәселен, облыста ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті тұрғындардың 95 проценті I-ші компонентімен, 93,9 проценті II-ші компонентімен вакцинацияланған. «Pfizer» вакцинасының I-ші компонентімен 85 920 адам, ал II-ші компонентімен 85 797 адам қамтамасыз етілген. Жалпы алғанда ревакцинация жұмыстары басталғалы 243 403 тұрғын екпе алған. Ал қайта ревакцинациялаумен 28 635 адам қамтылды, – деді Ж.Мырзагелдіұлы.
Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Ж.Нәбиқызының айтуынша әлі де екпе алғысы келетін тұрғындар үшін 476 доза «Казвак», 10 595 доза «Синовак» вакциналарының қоры жинақталып отыр.
Айта кетейік, коронавирус жұқтыру дерегі бойынша облыста 21 тұрғын инфекциялық стационарда, 4 тұрғын реанимациялық төсек-орында, ал 149 адам амбулаториялық жағдайда ем алуда.
Рамазан ӘНӘПИЯ