АЙМАҚТА ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

– Бүгінде аймақта коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай оңалып келеді. Инфекциялық стационарда – 63 азамат ем қабылдап жатса, жансақтау бөлімінде – 3 науқас індетпен күресуде. Облыста ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті тұрғындар арасында вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, I-ші компонентімен облыс халқының 96 проценті (426 120 адам), II-ші компонентімен 94,6 проценті (423 439 адам) вакцинацияланды. 16 мыңнан астам тұрғын ревакцинациядан өтті. Өңірдегі барлық емханаларда 10 мың дана «QazVac» және 30 мың дана «Sinovac» екпе түрінің қоры бар, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.
Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, өңірде жағдай тұрақталғанына қарамастан коронавирус індеті балалар арасында көптеп таралып жатқан көрінеді. Мәселен өңірде індет жұқтырғандардың 80 проценті 14 жасқа дейінгі балалар екендігі анықталған. «Сол себепті балалардың гигиеналық тұрғыда сақтануын барынша қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ тұрғындар арасында қайта ревакцинациялау жұмыстарын жандандыруымыз керек», – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Рамазан ӘНӘПИЯ