Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Індет әлі іргесін алыстатпады

Індет әлі іргесін алыстатпады

Сейсенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова онлайн форматта коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі облыстық жедел штаб отырысын өткізді. Онда Шиелі мен Жаңақорған ауданында індеттің өршіп тұрғаны айтылды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова, салалық жауапты департамент басшылары мен Қызылорда қаласы және аудан әкімдері селекторлық байланыс арқылы қатысты.
Шартарапты шыр айналдырған індеттің «Омикрон» атты жаңа штамы пайда болды. Енді ғана эпидахуал тұрақталып, қайта қалыпты өмірге орала бастағанда түрленіп шыға келген індеттің бұл жолғы қарқыны қатты. Онлайн отырыста аймақ басшысы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың күн өткен сайын күрделеніп бара жатқанын тілге тиек етіп, вакцинациялау мен ревакцинациялауды күшейту қажеттігін қаперге салды.

Шиеліде вакцинациялау баяулап тұр
– Қазіргі таңда облыс «қызыл» аймақта. Күннен-күнге эпидемиологиялық жағдай күрделенуде. Соңғы аптада тәулігіне 300-ден астам жағдай тіркелуде. Әлемде және елімізде жаңа «дельта», оған қоса «омикрон» штамы таралып жатыр. Жағдай өте ауыр. Сондықтан індетті жеңудің бірден бір жолы – жаппай вакцинациялау жұмыстарын жалғастыру маңызды. Қазіргі таңда облыста I компоненті бойынша 418 154, II компонент бойынша 392 943 тұрғынға екпе салынды. Ал ,30 213 тұрғын ревакцинациядан өтті. Бүгінге ахуал күрделенуде, аймақта балалар арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті жасөспірімдерді вакцинациялау қарқынын күшейту керек. Ал, Шиелі және Жаңақорған ауданы тұрғындар арасында вакцинациялау жұмыстары баяу жүруде. Сондықтан індетті тоқтату үшін екпе салу қарқынын үдету қажет, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Індеттің екпінін қайтару үшін екпе қабылдау қажет. Аймақ басшысы басшылыққа алған мәселелер бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстар легін бізде сұрастырып көрген едік. Бүгінгі таңда Шиелі ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Б.Мұсағалиеваның мәліметіне сүйенсек осы кезге дейін І компонент бойынша 36982, ІІ компонент бойынша 36339 тұрғын екпе қабылдаған. Ал, 20 қаңтар күні 66 адам пфайзер вакцинасын қабылдап, 33 адам ревакцинациядан өткен.
Одан әрі онлайн отырысқа қайта ойыссақ, Әлия Әбдіқайымова өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталып, коронавирус инфекциясы анықталған жағдайлардың 58 проценті скринингтік тексеру барысында, 2 проценті сырттан тасымалдану арқылы, қалған 20 проценті қарым-қатынас арқылы жұқтырып, анықталғанын тілге тиек етті. Мұнан соң, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов аймақтағы кәсіпкерлерлік нысандарында «Ашық» қосымшасының пайдалануын кеңейту бойынша негізгі жұмыстарды тізбектеді. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста 3851 нысан аталған қосымшамен жұмыс істеуде.

Ауданда ауру жұқтырғандар саны артып барады
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов вакцинациялау қарқыны мен аймақтағы ахуалды баяндап берді. Ол «жыл басынан бері облыста 1800-ден астам азамат індет жұқтырған. Ірі ошақ Қызылорда қаласында. Сондай-ақ аудандар бөлінісінде Шиелі мен Жаңақорғанда ауру жұқтырғандар саны көптеп тіркелуде» деді.
Вирустың өршуіне байланысты аймақ басшысы инфекциялық стационарлардағы төсек-орын санын көбейту қажеттігін атап өтті.
Бұл мәселе төңірегінде де Б.Мұсағалиева «Ауданда КВИ науқастарына арналған инфекциялық 40 төсек әзірленген. Ал, барыс жылы басталғалы 217 адамнан індет анықталды. Оның 50-і балалар. 10 науқас дертінен айығып шықты» деген мәлімет берді.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова оқушылар арасында індеттің таралу жиілігіне байланысты оқу процесіне қажетті ұсынысын жеткізді. Яғни, қала мектептеріндегі бала саны 600-ден жоғары мектептерде қашықтықтан оқыту форматына, ауылдық жерлерде дәстүрлі форматта оқыту, сондай-ақ, қашықтан оқитын мектептердегі 1-2 сынып оқушыларын дәстүрлі форматта оқыту ұсынылды.
Жедел штаб отырысын қорытындылаған аймақ басшысы жауапты салалық басқарма мен департамент басшыларына, қала және аудан әкімдеріне нақты тапсырма жүктеді. Мәселен, науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды шұғыл түрде анықтап, аурудың таралуына жол бермеу міндеттелді. Мониторинг топтардың жұмысын жандандырып, тұрғындар арасында ревакцинациялау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Үйренген жау атыспаққа жақсы» дегендей, жалпы жағамыздан алған бұл жаманат індетпен қалай күресу керек екенін көпшілік түсіне бастады. Айналамыздағы адамдар бетперде тағып, арақашықтық сақтап, талап-тәртіпті ұстану, ауру жұқтырған күннің өзінде байбаламға салмай, ем-дом жасайтын дәрігерлерге жүгіну сияқты қарапайым ережелерді үнемі қаперінде ұстайды. Ендігісі, екпе қабылдап, дерттің қайта өршуіне жол бермеу.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
22 қаңтар 2022 ж. 756 0