Төтенше жағдай кезінде көктемгі шаруашылық жұмыстары тоқтамайды
Бұл туралы бүгін Қызылорда қаласының әкімі, штаб төрағасы Н.Нәлібаев коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу және алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы жедел штаб отырысында айтты.
Отырысқа штаб мүшелері және видеоселекторлық байланыс арқылы кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев төтенше жағдай режимін 1 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлыққа қол қойды. Осы орайда қала аумағында індеттің таралуына жол бермеу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, санитариялық-профилактикалық шаралар қарқынды жүруде.
Қызылорда қаласының жедел штаб құрамы мен қала әкімінің жанындағы арнайы мониторингтік талдау тобы тәулік бойы жұмыс жасауда. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының жұқтырғандардың 24-і қаладан тіркелген. Қабылданған шектеулерге қарамастан, қала халқы инфекцияның қауіптілігін әлі сезінбей, карантин режимін сақтамай отыр.
Қала әкімі, жедел штаб төрағасы Н.Нәлібаев штаб мүшелеріне қаладағы қоғамдық тәртіптің және ашық аймақтардан заңсыз кірудің сақталуын қатаң бақылауды тапсырды. Төтенше жағдай режим талаптарын орындап, көктем мезгілінде тіршіліктің барлығын тоқтатпай, маңызды, яғни шаруашылық жұмыстардың жүргізу керектігін жеткізді. Қалаға қарасты ауылдар мен саяжайларда халық күнделікті көп тұтынатын азық-түлік тапшылығын болдырмау мақсатында жылжымалы көлікпен көшпелі сауданы жиі ұйымдастыруды және тауарлардың бағаларын негізсіз өсуіне жол бермеуді тапсырды.
Сондай-ақ, шаһар басшысы қала маңындағы елді-мекен тұрғындарына жалақылары мен зейнетақыларын алу үшін екінші деңгейлі банктер арқылы банкоматтар орнату жолдарын қарастыруды тапсырды.