Ақылы негізде оқитын студенттер үшін таптырмас мүмкіндік
«Қаңтар» оқиғасынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры білім гранттары мен шәкіртақы тағайындау бойынша байқау жариялап отыр. Бір қызығы, аталған гранттарға ақылы негізде оқитын студенттер де өтінім бере алады.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай былай дейді:
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай былай дейді:
– Грантқа өтінім беру 10-17 тамыз аралығында жүргізіледі. Қор өкілдері негізінен екі бағытта білім беру гранттары мен шәкіртақы тағайындау бойынша шешім қабылдады. Бірінші бағыты – ақылы негізде оқитын білім алушыларға арналған грант. Бұл ретте қоғамдық қордың гранты мен шәкіртақы алу үшін студенттер 1-15 тамыз аралығында www.taiburyl.kz сайты арқылы онлайн өтінім бере алады. Екінші бағыт – биыл оқу орнына талапкер жастарға арналған грант. Жалпы бұл бағдарламаға мүмкіндігі шектеулі, мүгедектігі бар студенттер, жетім бала санатына жататын және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер, ауылдық жерлердегі жағдайы төмен отбасылардан шыққан және толық емес отбасыдан шыққан студенттер, І және ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп жүрген отбасыдан шыққан студенттер, ата-анасы немесе ата-анасының бірі І және ІІ топ мүгедектігі бар студенттер қатыса алады. Біз қазіргі таңда университет жанынан комиссия құрдық. Онда 13 адам жұмыс істейді.
Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік білім грантының конкурсына өтініш қабылдау аяқталған. Мемлекеттік гранттарды жеңіп алған талапкерлер тізімі жарияланғаннан кейін гранттарға түсе алмаған талапкерлер «Қазақстан халқына» қорының грантына құжат тапсыруына болады. Бағдарламаның жалпы бюджеті биыл 373 680 мың теңгені құрап отыр. Ал жалпы 4 жылға 3 млрд 736 млн 800 мың теңге қаржы бөлінбек.
Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ