Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жергілікті өнім базар бәсін түсіре ме?

Жергілікті өнім базар бәсін түсіре ме?

Киім бүтін, тамақ тоқ, бірақ ақша жетпейді. Иә, қазіргідей кеңшілік заманда қарын тойдыру мәселе емес. Бірақ айлығыңның шайлығыңнан асып тұрғанына не жетсін?
Дәл қазір базарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы қызған шақ. Ала жаздай егін еккен диқан қауымының биыл ырзық-несібесі жылдағыдан кем емес. Соған сәйкес, бақша дақылдары, жеміс-жидек пен көкөніс бағасының төмендеуі заңдылық. Алайда «жау жағадан алғанда бөрі етектен алады» демекші тапшылықтан жоқшылық тудырып, бағаны қолдан өсіріп отырған саудагерлер де табылуда. Сонымен бірге елдің жайын ұғынып келген өнімнің үстіне 10-15 процент үстемақы қосып адал саудамен күнелтіп отырған сауда дүкендері бар. Бүгінгі мақаламызда сол сауда дүкендерінің атын атап, түсін түстеуді жөн көрдік.
Алдымен қара базарға бас сұғып әлеуметтік тауарлардың бағасын білдік. Мұнан әрі «Нұр», «Арсен» көтерме сауда дүкендері мен «Береке» «Қазына» сауда дүкендеріндегі тауарлардың бағасын анықтап қайттық. Нәтижесінде картоптың ең арзан түрі – 200 теңгеден қара базарда саудаланып жатқанын, сиыр еті – 1950 теңгеден, 5 кг макарон өнімі – 1650 теңгеден «Арсен» дүкенінде сатылып жатқанын білдік.
Ал қарақұмықтың ең арзаны (600 теңгеден) «Нұр» дүкенінде, қанттың арзаны (670 теңге) «Берекеде», ұнның жоғарғы сортты түрі (12 мың 600 теңгеден) «Қазына» сауда дүкенінде саудалануда. Сонымен бірге арзан жұмыртқа іздесеңіз алысқа бармай-ақ «Нұр» дүкеніне бас сұғыңыз. Мұнда 1 дана жұмыртқа 36 теңге. Күнбағыс майының бағасына келер болсақ, баға барлық дүкендерде шамалас 4400-4600 теңге көлемінде. Алайда күрішті өңірде күріштің бағасы көңіл көншітпейді. Келісі орташа есеппен 280-300 теңгені көрсетіп тұр.
Енді облыс көлеміндегі азық-түліктің орташа бағасына назар аударайық. Қолымызда бар мәліметтерге сай облыс бойынша ұнның ең қымбат орташа бағасы Қызылорда қаласында, ең арзаны Қармақшы ауданында тіркеліпті. Нанның бағасына келер болсақ, ең қымбат нан Жаңақорған, Шиелі, Қармақшы аудандарында саудалануда. Макарон өнімдерінің жоғары бағасы Қазалы мен Шиелі аудандарына, ал сәбіздің қымбат түрі Жалағаш пен Шиеліде сатылып жатқан көрінеді. Қат болып тұрған қанттың да ең қымбат түрі осы біздің Шиелі мен көршілес Жаңақорған аудандарына тиесілі екен. Жалпы алғанда облыста азық-түлік бағасы былтырғы жылға қарағанда едәуір қымбаттағаны айқын көрініп тұр. Дегенмен саудагерлердің айтуынша оларға келетін тауарлар әр келген сайын бірнеше есе қымбат бағада келуде. Сондықтан саудагерлер де бағаны өсіруге мәжбүр. Демек бағаның өсуіне саудагерлер емес, тасымалдаушылардың ықпалы көбірек болып тұрған сыңайлы.

Рамазан ӘНӘПИЯ
30 шілде 2022 ж. 794 0