Базар бағасы қалтаға қонымды ма?
Киім бүтін, тамақ тоқ, бірақ ақша жетпейді. Иә, қазіргідей кеңшілік заманда қарын тойдыру мәселе емес.Бірақ айлығыңның шайлығыңнан асып тұрғанына не жетсін?
Дәл қазір базарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы қызған шақ. Ала жаздай егін еккен диқан қауымының биыл ырзық-несібесі жылдағыдан кем емес. Соған сәйкес, бақша дақылдары, жеміс-жидек пен көкөністің бағасы біршама төмендеген. Мәселен, пияздың келісі – 80, сәбіз – 100-130, картоп 100-120, орамжапырақ – 100-150, тауық еті – 750-800 теңгенің көлемінде саудалануда. Десе де, базар бағасы тұрақты емес. Өткен жылы сиыр етінің 1 келісін 1450 теңгеден алған болсақ, қазір оның келісі 1800-дің үстіне шықты. Айтпақшы, базарда бөлке нан 65 теңгеден сатылып жатыр. Ал Қ.Яссауи көшесінің бойындағы «Береке» сауда үйінен 60 теңгеге алуға болады. Ең қызығы күріштің отаны саналатын ауданымызда оның бағасы шарықтап тұр. Базарда 380 теңгеден кем түспейтін Сыр салысын тұрғындар диірмен басынан 260-300 теңгеден алып жатқанын байқадық. Жалпы азық-түлік тауарларының құны былтырғы жылдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда әжептәуір өскен.
– Жалақы немесе зейнетақы көтеріледі деген сыбыс шыққаннан азық-түлік қымбаттай бастайды. Жақында ғана мұғалімдердің айлығы көбейеді дегенді естіп едік. Баға тағы да көтерілген сияқты. Осыдан 1,5 ай бұрын 20 мың теңгеге алған азық-түлікті бүгін 30 мыңға алып бара жатырмын, – дейді аудан тұрғыны Майра Әуезова.
Бұған базардағы қарапайым саудагерлерді кінәлау да қиын. Өйткені олар да тауарды біреуден сатып алады. Күнделікті табысын айыру үшін, сауда жасап тұрған орнына төлейтін пұлдары бар, өнімді жеткізуге кететін шығындары бар, солардың бәрі түптеп келгенде тұтынушыға қойылатын бағаға ықпал етіп отыр.
Қымбатшылық – бір ғана себептен туындамайды. Оның ар жағында бірнеше қосымша салдары болатыны түсінікті. Базар салты бойынша, алынған тауар өту керек, өз шығынын ақтау керек. Оның үстіне саудада делдалдық деген тағы бар. Әлеуметтік өнімдер, тұрмыстық және тұрмыстық емес тауарлар, шикізаттар, қай өнім болмасын, барлығы өндірілген орынның есігі алдында сатылып жатқан жоқ. Тауар өз иесіне жеткізілуі үшін уақыт, ақша мен жолды шығындап, жетер жеріне жетеді. Оны жеткізуші – делдал. Ыстық өнімнің халыққа жетемін дегенше демі басылып, есесіне бағасы көтеріліп шыға келетініне де осы делдалдар себепкер.
Тұрғындардың дені тапқан табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайтыны белгілі. Ай сайын алатын жалақысы қолға тиісімен-ақ, үйдегі бар-жоқты түгелдеуге кіріседі. Қазақстандық сарапшылардың есептеуінше, азық-түлікке айлықтың 60 пайыздан астамы жұмсалады екен. Қалай десек те, базарлатып барғанда қалтаңыз қалың болса, таңдауыңыз бен талғамыңыз биіктей түспек.
Тақырыпқа қатысты мына бір оқиғаны айта кетейік, ертеректе Юнус ибн Убәйд есімді саудагер болыпты. Ол мата сататын. Оның дүкенінде құны 200 дирхам мен 400 дирхам аралығында түрлі бағадағы маталар бар еді. Бірде Юнус намазға бару үшін орнына, яғни дүкенге бауырының ұлын қалдырып кетеді. Намаздан қайтып келе жатқанда бір кісінің қолынан өзінің арзан бағалық матасын таниды. Әлгі адамнан:
— Матаны қаншаға алдыңыз? — деп сұрайды. Ол:
— 400 дирхамға алдым, — дегенде, Юнус саудагер:
— Алдаған екен ғой, матаның құны 200 дирхам. Кері қайтыңыз, артық ақшаны алыңыз, — дейді. Сонда әлгі кісі:
— Бұл мата біз жақта 500 дирхам тұрады, мен алданған жоқпын, — дейді. Юнус саудагер: — Жоқ, болмайды. Кері қайтайық, матаны қайтып өткіз. Насихат айту дүниелік пайдадан артық, — деп, адамды кері дүкенге алып келеді де, 200 дирхамын қайтарып береді. Ол кісі кетісімен немере інісіне:
— Алладан қорықпайсың ба? Екі жүз дирхамдық матаны 400 дирхамға қалай саттың? Мұсылмандарға насихат айтуды ұмыттың. Алушының білместігін пайдаланып, 200 дирхамдық матаны 400 дирхамға сатып жіберуге қалайша дәтің барды? — деп ұрсады. Сонда інісі:
— Ант етейін, ол матаны өз ризашылығымен алды, — дегенде, Юнус ибн Убайд:
— Жарайды, ол ризашылығымен алды делік, сенің бұған арың қалай шыдады? — дейді. .
Қазіргі қоғамда ақшадан гөрі арын ойлайтын адал саудагер бар ма екен? Сіз де осы сұрақты қойып көріңіз! Қаншалықты адалсыз?
Г.ЯХИЯ