білімнің қара шаңырағы
Мектеп бітірер түлектердің өмірдің жаңа бір белесіне өтетін уақыттары да таяу. Алтын ұяларымен қоштасып, жоғарғы оқу орнына түсем деген бүгінгі оқушы, ертеңгі студенттің оқу орнын дұрыс таңдауы да маңызды. Осындай маңызды сәтте көптеген жастардың таңдауына ие болатын 80 жылдан аса тарихы бар еліміздің бірден-бір белді оқу орны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті.
Мемлекеттік мәртебесін алғанына 20 жыл болған білім ордасы «Үздік жоғарғы оқу орындарының» рейтингісінде 2017 жылы 48 көпсалалы жоғарғы оқу орнының ішінде Қазақстанда 9-орынға тұрақтаған. Яғни, үздік ондықтардың сапында. Сонымен қатар, Еуропа мен Азия елдерінің 2900-ден астам университеттері қатысатын әлемдік рейтингіде 275 орынға тұрақтаған. Бұл дегеніміз, үздік үшжүздіктің қатарында деген сөз.
Осы орайда, апта аяғын ала бере аудандық мәдениет үйінде Сыр өңірінің іргелі қарашаңырағы, тарихы терең, кәсібилік пен еңбек нарығына түрлі мамандық иелерін дайындайтын аталған оқу орны оқытушы-профессорларының қатысуымен кездесу кешін өткізді.
Жиынды ашқан аудан әкімі Ә.Оразбекұлы оның мән-маңызына кеңінен тоқталды.
Мұнан соң, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі бірінші проректоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент А.Жүнісов пен археология және этнология ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Ә.Тәжекеев қабырғалы оқу орнының жетістіктері, озық тәжірибелері жөнінде кереметтей ойларын ортаға салды.
Өткізілген жиын үздіксіз білім беру жүйесіндегі сабақтастықты жалғастырып, кездесу барысында еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың болашағына бағдар болар келелі мәселелер талқыланды.
Осы тұста сандарды сөйлетсек, биыл аудан мектептерін 890 оқушы бітіріп, болашаққа қадам басады. Оның 520 оқушысы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысса, осы түлектердің 78-і Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетті таңдап, оқуға ықылас білдіруде.
Кеш соңында осы университетте оқып, білім алып, білімі мен тәжірибесін жас ұрпақтың бойына сіңіре білген ұлағатты ұстаздарды университеттің «Үздік түлек» төсбелгісімен марапаттады.
Дәстүрге айналған алқалы жиынға білім саласының ардагерлері, білім ұйымдарының басшылары, ұстаздар, бітіруші түлектер қатысып, көкейіндегі сұрақтарға тұщымды жауап алды. Шараның мазмұнын оқу ордасының ұжымы дайындап келген концерттік бағдарлама айшықтай түсті.
Дина ЖҮСІПОВА.