Берері көп келісімшарт
Жуырда Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігі мен жұмыс беруші ірі кәсіпорындар және шаруа қожалықтары арасындағы өзара ынтымақтастық кездесу өтті. Алдымен аудан әкімі Н.Мақұлбеков сөз алып, ынтымақтастық меморандумының басты мақсатын айтты. Сондай-ақ ауданда инвестициялық жобаларды дамытуға арналған және өзара ынтымақтастықты ілгерлетуге бағытталған шара жұмысына сәттілік тіледі. Аталған жиынға «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов қатысты.Түрлі кәсіпорын мен компания басшылары және уран саласының мамандары мен жергілікті БАҚ өкілдері бас қосқан жиында жұмыскерелердің жұмыспен қамтылуы, өндіріс уақытша тоқтаған жағдайда ҚР еңбек заңдарында көзделген әлеуметтік қамсыздандыру шараларын қабылдау секілді мәселелер күн тәртібіне қойылды. Сонымен бірге тең құқық және өзара әріптестік қағидасын басшылыққа ала отырып, өнеркәсіп саласындағы жобаларды дамыту, ауданға инвестиция тарту секілді мәселелер де талқыланды.
Жиынға қатысқан «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов еңбек қатынастары саласында жұмыс берушілер мен жергілікті биліктің және кәсіподақтың бірлесіп жұмыс жасауының маңыздылығын түсіндіріп өтті.
Шараның басты жаңалығы – жұмыс берушілер, кәсіподақ және аудан әкімдігі арасында өндірістік жүйені реттеу мақсатында жасалынған өзара түсіністік меморандумы болды. Үш жақты келісімшартқа аудандағы 17-ден астам ірі кәсіпорын басшылары қол қойды. Құжат өндірістегі тұрақтылықты қамтамасыз ету, еңбек заңын сақтау, жұмысшыларды еңбекпен қамтуды міндеттейді.
Меморандумға сәйес жұмыс беруші өндіріс көлемі немесе жұмысшыны қысқартқанда кәсіподақпен келісе отырып, толық емес жұмыс уақытына көшуді, жұмыс орнын қысқартпауды басты назарға алуы тиіс. Ал қаржылық немесе өндірістік дағдарыс кезінде жұмысшыларды әлеуметтік тұрғыда қорғауға міндетті. Аудандық әкімдік болса меморандумға қол қоя отырып, кәсіпорында туындаған мәселелерді бірлесе шешуге, өндірістің дамуына оңтайлы орта қалыптастыруға, инвестиция тартуға міндеттеледі. Үшінші тарап – кәсіподақ пен әлеуметтік еңбек дауын тудырмаудың алдын алу, еңбек ұжымдарында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді мойнына алды. Алдағы уақытта келісімшартқа байланысты жұмысшыларды ірі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарына ұсынатын болады. Меморандумның басты мақсаты – жұмыскерлердің жұмыспен қамтылуын, еңбек құқықтары мен кепілдіктерін сақтау және өндірістің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, экономикалық, ғылыми, технологиялық, қаржылық және ынтымақтастықтың басқа да аспектілерін белсенді кеңейту. Бұл меморандум ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етері сөзсіз.
Ш.Тілеубаев