Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілсіз жаудан қауіп төнбесін

Тілсіз жаудан қауіп төнбесін

Әне-міне дегенше жаз мезгілінің бірінші айын да орталап қалдық. Иә, жаз басталса бітті жұмысы қауырт төтенше жағдай мен суда құтқару қызметі мамандарының тыным таппайтыны белгілі. Себебі аптап ыстық күшіне мініп, қарға екеш қарғаның миын қайнатқан күн тіршілік иелерін салқын жер іздеуге мәжбүр етуде. Мұндайда адамдар суға түскенді қолайлы көреді. Ал оның соңы қайғымен аяқталатын жағдаяттарға жол бермеу үшін сақтық шараларын өз деңгейінде ұстанған абзал.
Су – тіршілік көзі. Дейтұрғанмен, оның тілсіз жау екенін естен шығарып жататынмыз өкінішті. Мәселен 2020 жылы жаз айларында аудан аумағында 5 адам суға кетіп қаза болса, өткен жылы 3 суға кету жағдайы тіркеліп, салдарынан 4 адам (оның үшеуі бала) қаза тапты.
Мұндай оқиғалар көбінесе суға түсуге болмайтын жерлерде шомылу, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау, балаларды суға түсу кезінде қараусыз қалдыру, мас күйінде шомылу жағдайларында орын алатын көрінеді. Сонымен қатар суға ­шомылу қауіпті жерлерде ескерту белгілерінің толық орнатылмауы, талаптарға сай жағажайлар мен құтқару жасақтарының болмауы, су айдындарында бақытсыз жағдайлардың көбеюіне ықпал етіп отыр.
Жоғарыда аталған қайғылы оқиғаларды негізге ала ­отырып, жуырда Бәйгеқұм ­ауылы, Ханқожа көлінде «Шиелі» трассалық медициналық құтқару пункті мен аудан әкімдігі және «Жас­тар ресурстық орталығы» КММ-нің ерікті жас­тарын жұмылдыру арқылы оқу-жаттығу шаралары өткізілді. Іс-шара барысында зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері таныстырылып, тұрғындарға алғашқы дәрігерлікке дейінгі медициналық көмек көрсетудің маңыздылығы түсіндірілді. Сондай-ақ Ханқожа көлінде арнайы қайықтармен ­серуендеу барысында судағы қауіпсіздік шараларын сақтау және азаматтардың қаза болу оқиғаларын болдырмау мақсатында рейдтік жұмыстар жүргізіліп, арнайы әзірленген үн парақтарды таратылды.
Бәрін айтта, бірін айт, 6-маусым күні сегіз жасар Әділжан Мақсатұлы есімді балақай «Ханқожа» көлінде әкесімен суға түсу кезінде абайсызда суға тұншығып қалған. Абырой болғанда баланы әкесінің досы Ғабит Әбдіқадырұлы құтқарып алып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Содан соң Әділжан ҚР ТЖМ «Апаттар ­медицинасы орталығы» Қызылорла ­облысы бойынша филиалы «Шиелі» трассалық медициналық құтқару пунктіне жеткізіліп, ондағылар баланы аудандық ауруханаға дер кезінде алып келген. Қазіргі таңда Әділжанның жағдайы жақсы.

P.S. Жаз шықса-ақ су жағалап, тау сағалап кететін демалысшыл, думаншыл елдің бәрінен бұрын қауіпсіздігі маңызды. Жаздың жаймашуақ күнінде суға шомылу керек-ақ. Бірақ мынаны ұмытпаңыз, сауатты демала білген де өнер. Сол үшін сақтық ­шараларын өзіңіз үшін сақтаңыз.
Сұлушаш МАДИЯРОВА
14 маусым 2022 ж. 627 0