Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшеге ауған арДагерінің есімі берілді

Көшеге ауған арДагерінің есімі берілді

Өткен аптада «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, ауған соғысының ардагері Ж.Қалекеевтің есімін ­Досбол би ауылындағы атауы жоқ көшеге беру рәсімі өтті. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков, зиялы қауым өкілдері мен ауған соғысына қатысқан қарулас достары қатысты.
Қазақ ұлты өз тарихында көптеген қиындықты бастан кешті, аяусыз шабуылға ұшырады, талай азапты көрді. Соның ішінде зардабы ауыр ауған соғысының жарасы әлі жазылған жоқ. Талайдың тағдырын тәлкекке салған бұл соғыс он жылға созылды. Қаншама жас қыршыннан қиылып, қаншасы мүгедек болып оралды. Олардың міндеті – Отан алдындағы борышын өтеу, қабылдаған антына берік болу еді. Ауған соғысы 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс.
Әскери борышын сол ауған жерінде өтегендердің бірі – Жұмат Қалекеев. Ол 1969 жылы 10 маусымда Шиелі ауданының Телікөл ауыл советінде дүниеге келген. Өзінің туған жеріндегі №155 Д.Шыныбеков атындағы қазақ орта мектебін бітірісімен №11 кәсіптік-техникалық училищеде жүргізуші мамандығы бойынша білім алып, 1987 жылы әскер қатарына шақыртылды. Әскери борышын Ауғанстан ­Республикасында өтеп жүріп, 1988 жылы 30 қазанда Жұмат әскери тапсырманы орындау кезінде қаза тапты. Осы көрсеткен ерен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Жалпы Қазақстаннан ауған соғысына аттанған 22 000 жастың 924-і қаза тауып, мезгілсіз өмірден өтті.
Жиынның алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков алып, қаза тапқан есіл ер жайлы сөз етті.
Одан кейін «Шиелі индустриалды аграрлық» колледжінің студенті ­Айсана Шекербек «Солдат қасығы туралы баллада» оқыды. Мұнан соң ардагер ұстаз, колледждегі «Жас қыран» әскери патриоттық клубының негізін қалаушы Әбсаттар Арыстанов інісінің ерлігі туралы жарқын естеліктер айтып, бұл ізгі шараның болашақ жас ұрпаққа зор үлгі-өнеге екендігін жеткізді.
Содан соң ауған соғысының ардагері Серікбай Берімбетов сөз алды.
– Ауған жеріне біз сұранып ­немесе бәзбіреулер сияқты қалтаны ойлап барған жоқпыз. Бұйрықпен бардық. Бабалар бастаған сара жолдан таймай намыс туын желбіретіп барып, желбіретіп қайттық. Бір өкініштісі тағдырдың жазуымен қарулас досымыз Жұмат жау оғынан қаза тапты. Өзінің қайсарлығымен, батылдығымен көзге түсті. Ұрпақтары ұлықтап, ескерткіш тақта орнатып батыр ұлдарын еске алуда. Артында қалған бауырларына Алла ұзақ ғұмыр берсін! деп тебірене сөйледі.
Шара соңында Жұмат Қасымұлының тай құлындай тебісіп өскен құрдасы, ­Алмат Сейітжанұлы арнауын оқыды.
Халық қашанда қаһарман ұлдарын пана тұтқан. Отан үшін күрес, ерге тиген үлес. Соғыста батырлық пен батылдық танытып, жауға қарсы ­шауып, кеудесін оққа төсеп, ерлікпен қаза тапқан азаматтардың баға жетпес ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Көше беру рәсімінен соң ұрпақтары соғыс ардагерлеріне арнап ас берді. Артынша ауған соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Жұмат Қалекеевтың атынан ұйымдастырылған волейболдан ауыларалық турнир өтті. Аталған турнирде бес команда бақ сынады. Жеңімпаздарды «Алтын дән» ­шаруа қожалығының төрағасы А.Бердібаев ­марапаттады.

Ш.Тілеубаев
14 маусым 2022 ж. 687 0