Өшпес ерлікке мәңгі тағзым
Сол 1979 жылдың 25-ші желтоқсанында КСРО Саяси бюросы Ауғанстанға Кеңес әскерлерін кіргізуді қолдағанда, алақандай көк аймақтар мен мидай сары құмы бораған, алпыстағы шалынан бесіктегі баласына дейін қаруланған елге өрімдей жас жігіттерді «интернационалдық борышын өтеуге» аттандырды. 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің шектеулі құрамы Ауғанстан жерінен толық шығарылды. Бүгінде бұл тарихи оқиғаға 32 жыл толып отыр. Міне, сол Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектепте «Өшпес ерлікке мәңгі тағзым» атты шара өтті.
Аталған шараны №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы Сәкен Жұманов ұйымдастырды.Отан алдындағы интернеционалдық борышын өтеген Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігін үлгі ету, Отан қорғау әр азаматтың қасиетті борышы екендігін жастардың түсінігіне жеткізу, Ауған соғысында қаза болған боздақтар рухына тағзым ету, есімдерін қастерлеу мақсатындағы шараға ауған соғысы ардагерлері Мұрат Бошайбеков, Әзімхан Әбдіғазғанов және еңбек ардагері Әбсаттар Арыстан мен мектеп оқушылары қатысты.
Мектеп директоры Мұрат Тұрабаев шараны ашып, келген қонақтарға алғыс білдірді. Ал, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанбибі Сахибекова оқушыларды патриоттық тәрбиеге баулитын рухани кештер әлі де ұйымдастырылатынын айтты. Одан әрі Ауған соғысының ардагерлерімен тілдесіп, отты күндердегі естеліктерімен бөлісті. Ұлы Отан соғысынан кейінгі қасіреті тиген Ауған соғысы да қаншама қазақ жастарының тағдырын қиды. Олар ерлік көрсетті. Ауған асуындағы отты жылдарды өткерді. Шара барысында өткен тарихтың ұмытылмасын, ерліктің ескерілетінін тарих пәнінің мұғалімі Жандос Каукенов бейнеролик арқылы баяндап, ардагерлерге құрмет көрсетті.
«Өскен өңір» ақпарат