Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біткен іс бір төбе, атқарар іс аз емес

Біткен іс бір төбе, атқарар іс аз емес

Өткен аптада басталған ­аудан әкімінің есебі жұма, дүйсенбі күндері Жуантөбе, Бестам, Телікөл, Жаңатұрмыс, Иіркөл, Бәйтерек, Қарғалы ауылдарында жалғасып, 25 мамыр күні Шиелі кентінде қорытындыланды.
Ауылдарда өткен есепті кездесуде аудан әкімі атқарылған жұмыстар турасында қысқаша баяндама жасап, кейін «сұрақ-жауап» форматына ауысты. Жаңатұрмыстағы ағайын халық санының өсуіне байланысты балалар ойын алаңын салуды сұраса, иіркөлдіктер мектеп жасындағы балалардың көбеюі себебінен қосымша ғимарат салу туралы ұсыныстарын айтты.
Сондай-ақ Иіркөлде жедел-жәрдем көлігінің қажеттілігі туындаса, Жаңатұрмыста «амбулаторияға газ кіргізу қажет» дейді тұрғындар. Бір қуантарлығы, Жаңатұрмыс ауылдық округінде жұмыссыз ретінде тіркелген 10 азамат толықтай жұмыспен қамтылған. Олардың сегізі ауыл тұрғындары жылдар бойы күткен жаңа мектеп құрылысына тартылса, екеуі қоғамдық жұмысқа орналастырылмақ. Кірпішін ауыл тұрғындары қалаған мектептің сапасы әсте жаман болмас.
Ал Бәйтерек пен Қарғалы ауылдық округтерінде ауыл тұрғындары тарапынан аяқ су, көше жарығы, көшелерге күрделі жөндеу жұмыстарының қажеттігі жайлы және тағы да басқа әлеуметтік мәселелер туралы ұсыныс-пікірлер айтылды.

Жуантөбеде ұялы байланыс желісінің сапасы төмен
Жуантөбедегі басқосуда аудан басшысы алдымен білім беру мекемелеріне, клуб үйі мен медпунктерге, әкімдіктерге арнайы аялдап, жағдайымен танысты. Әсіресе, мектептерде балалардың жақсы білім алуын барынша бақылауда ұстап, түйінді мәселелер болса алдымен шешуге тапсырма берді.
Одан соң мәдениет үйіне бет алып, ­алдымен жиналған тұрғындарды «20-25 күннің ішінде газ кіреді» деп қуантты.
Аталған ауылдың негізгі мәселесі жарық жүйесі, жол мен аяқ су жайы екен. Осы мәселе төңірегінде 10 көшеге «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы арқылы асфальт төселетіні айтылса, осы ауылға міндетті түрде бір трансформатор алып беретінін жеткізді. Одан бөлек амбулатория, трансформатр мәселелерін шешіп беретіні сөз болды. Мұнан соң ауыл тұрғындары көтерген тағы бір мәселе бағаналар мен ұялы байланыс сапасы нашар. ­Аудан әкімі тұрғындар көтерген сұрақтарды назарға алып, тиісті сала мамандарына тез шешілуін тапсырды.

Бестам ауылында аяқ су мәселесі
Келелі кездесу Бестам ауылында жалғасты. Ауылдың 90 проценті жарықпен қамтылған. Ауыл ардагерлері алдымен аяқ су мәселесіне тоқталды. «Жылда еккен егініміз судан қалады. Каналдарда су деңгейі төмен. Осы аяқ су мәселесінен таршылық көріп келеміз», – дейді ауыл тұрғыны Берікбай Тұрсынбайұлы. Тағыда бір қиындық туғызып отырған мәселе ­ауылда жайылымдық жердің жоқтығы.
Ал қуанышты жаңалық ретінде жаңадан салынатын 150 орындық мәдениет үйінің құрылысын айтуға болады.

Көпір жыры қашан бітеді?
Түс ауа аудан әкімінің іссапары Телікөл ауылында жалғасты. Толағай ақын, ­толас­тамас жыр иесінің атындағы ауылдың жалпы жағдайы бір қарағанда жаман емес. Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша 1560 адам тұрады. Ауыл тұрғындарына 9 әлеуметтік сала мекемелері (Ауылдық округі әкімі аппараты, орта мектеп, мемлекеттік және жеке балабақша, дәрігерлік амбулатория, ауылдық мәдениет үйі, кітапхана, пошта бөлімшесі және ветеринариялық пункт) қызмет көрсетеді. Елдімекеннің ішкі ауыз су желісі «Жиделі су құбырына» қосылған. Ауыл халқы таза суды 2 жылдан бері пайдаланып келеді. Ал облыс деңгейіне дейін көтерілген көпір мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін толық таппай келеді дейді тұрғындар.
Көпір мәселесі жайында аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Смаханұлы былай деді:
– Бүгінде Шиелі ауданындағы бас­ты мәселелердің бірі көпір екені жасырын емес. Мәселен, елдімекендерге баратын өткелдердің басым бөлігі осыдан елу жыл бұрын салынған. Одан бері тиісті жөндеу жұмыстары да жүргізілмеген. Апатты жағдайда тұрған екі көпірдің мәселесіне ауданнан қаражат бөлінбейді, оған тек облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жауап бере алады. Біз тек сметалық құжаттарды әзірлеп, сараптамаға жолдаймыз.
Одан бөлек тұрғындар 1976 жылы салынған амбулаторияның тозығы жеткенін айтса, енді бірі аяқ су мәселесін көтерді. Аудан әкімі аталған мәселелер осы жылы толық шешіледі деп сендірді.

Кентте кезек күттірмейтін мәселелер жетерлік
Еркін форматтағы «ашық диалог» түрінде өткен кездесу кенттің екі аймағында, яғни теріскей жақ беттегі №219 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің акт залында және аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өткізілді.
Мектеп ғимаратында өткізілген жиында кент тұрғындары асфальт жабындысын төсеу, көше жарығының үнемі жанып тұруын қамтамасыз ету, балалар ойын алаңқайы мен футбол алаңын салу секілді мәселелерін айтты. Аудан әкімі Нариман Әскербекұлы болса, барлық мәселенің қаржыға келіп тірелетіндігін, қаражат жеткілікті болса, міндетті түрде шешімін табатынын айтты. Сондай-ақ кенттің бұл бөлігінде балалар ойын алаңқайы мен спорт алаңқайы жоқтығын ескере отырып, биыл мектеп маңына жабық спорт кешенін салу жоспарланғанын қуанышпен жеткізді. Яғни мектеп маңына салынатын кешенде балалар футбол, баскетбол, ­волейбол сынды спорт түрлерімен айналыса алады. Ал бүлдіршіндер болса, балалық шағының ең қызықты кезеңін көшеде емес, алаңқайда өткізеді енді. Жиында айтылған тағы бір өзекті мәселе мал жайылымына қатысты болды. Тұрғындардың сөзінше кентте мал жайылымы жоқтың қасы. Мәселені шешу үшін әкімідік балық шаруашылығымен айналысып отырған «Сүйіндік» шаруа қожалығымен келісім жасасып, жеріне мал жаюға мүмкіндік берілсе дейді. Алайда ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков болса, жердің жекенің меншігінде екендігін, оған қол сұғуға қақысы жоқтығын айтты. Дегенмен қожалық басшысымен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын анықтауға уәде берді.
Кенттегі түйіткілді мәселелердің бірі қоғамдық көлік жайы. Тұрғындардың айтуынша соңғы айларда қоғамдық көліктердің жүру интервалы алшақтап кеткен. «Яғни бұрын 15-20 минут күтетін қоғамдық көліктерді енді, сағаттап күтуге мәжбүрміз» дейді тұрғындар. Тіпті демалыс күндері мүлде жүрмейтін көрінеді. Ал бұл мәселені тыңдаған жауапты бөлім басшысы Дана Аман мәселенің мән-жайын былай түсіндірді.
– Расында қоғамдық көліктердің қатары соңғы айларда сиреп кетті. Себебі қоғамдық көлік иелерінің бірі көліктерін сатып, басқа жұмысқа ауысса, енді бірінің көліктері бұзылып жарамсыз күйге түсті. Сол себепті ауданда қазір қоғамдық көлік тапшы. Біз қолымыздан келгенше бұл мәселені шешуге тырысып жатырмыз.
Ал енді ауданның автокөлік жүргізушілеріне ортақ қуанышты жаңалықтардың бірі, ескі теміржол өткелі кесіп өтетін Шәймерден Бәкіров көшесіне жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарына тоқталайық. Кент әкімі Ғабит Аманжоловтың айтуынша, биыл осы аумаққа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Яғни асфальт жабындысы қайта төселіп, теміржол өткеліне резеңке төсемелер қойылады.
Аудандық мәдениет үйінде өткізілген кездесуге келер болсақ, аудан тұрғындары тарапынан аяқсу, көше жарығы, көшелерге күрделі жөндеу жұмыстарының қажеттігі жайлы, кейбір мөлтек аудандарға қосымша балалар алаңқайын салу, кей мектептерге бала санының көбеюіне байланысты қосымша ғимарат салу туралы және тағы да басқа әлеуметтік мәселелер туралы ұсыныс-пікірлер айтылды.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ,
Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
28 мамыр 2022 ж. 532 0