Халық – қазы, еңбек – таразы
Дөңгеленіп жыл өтті. Доңыз жылындағы тіршілікті тізбектеп, тышқан жылына жоспар құру үшін ауыл әкімдері мен аудан әкімінің есебі жалғасуда. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың жайын ауылдық округ әкімдері есеп беру кездесулерінде толық баяндады. Бұрындары мұндай есепті жиында тұрғындар ауызсу, егістік, жол мәселелерін көтеретін. «Көгілдір отын» мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде оның бірқатары шешімін тапқан. Дегенмен әлі күнге өзектілігін жоймаған проблемалар да бар.
Иіркөл. Келелі істер кезегін күтуде
Ел көлемінде бастау алған әкімдердің есебі дүйсенбі күні Иіркөл ауылдық округінде жалғасты. Кезекті есеп беру жиынында ауыл әкімі С.Монтаев өткен жылғы жұмыстарға кеңінен талдау жасаумен қатар Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында туындайтын бағдарлы жұмыстарға және оны жұртшылыққа жеткізудегі міндеттерге назар аудару қажеттігін алға тартты. Өткен жылы №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысын айтқан болатын. Биыл да осы мәселені қайта көтерген иіркөлдіктерге аудан әкімі Ә.Оразбекұлы: «Мектепті күрделі жөндеуден өткізу турасында айтылған ұсыныстарыңыз қарастырылуда. Жоба-сметалық құжаты әзірленіп, сараптама жұмыстары жасалуда. Биылғы жылы мектептің бу қазандығын газға алмастыратын боламыз» деді. Сонымен қатар оқушылардың қауіпсіздігін ойлаған халық мектеп орналасқан көшенің бойына жаяу жүргіншіге арналған жол салуын сұрады. Жол демекші, жаңбыр жауса балшыққа батып, әбден әбігерге түскен Шоқаев, Ақпанбетов көшесінің тұрғындары биыл тас төселеді деген жаңалықты естіп қуанып қалды. Ал З.Ержанова, Нұрекеев көшесіне жарық бағаналары орнатылады деп уәде етті. Ел игілігін көрер келесі іс – мешіт тұсында қиылысатын жол торабына бағдаршам орнату. Сондай-ақ әлі күнге атау берілмеген көшелердің де бір ай ішінде шешім табатынын аудан әкімі Ә.Оразбекұлы тілге тиек етті. Кезегін күткен келелі істер жетерлік. Тек келесі жылдың еншісіне кетпесе болғаны...
Ақтоған. Ауызсудан қағылған18 үй
Иіркөлден бастау алған есепті жиын Ақтоған ауылдық округіне бағыт алды. Ауыл әкімі Е.Ахметовтің жыл он екі ай атқарған жұмысының нәтижесін сараптап, баға беруге келген халықтың қарасы қалың. Ең әуелі былтыр ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз еткенде жоспарға ілінбей қалған 18 үйдің мәселесін айтты. Есепке алынбаған жаңа үйлер сәуір айына дейін ауызсумен қамтылатын болады. Сондай-ақ ауыл тұрғыны Д.Ілиясовтың қорадағы 10 бас уақ малы ұрланған. Алайда, бір үйдің қорасына үш қайтара түскен ұры әлі ұсталмаған. «Бүгінгі таңда мал ұстауға мүмкіндік қалмады. Ұрылар тыйылар емес. Қалған малдың бәрін сатып жібердім. Бұл ұрыларға қашан тосқауыл қойылады?» деп ашынды ауыл азаматы. Күн тәртібінен түспей тұрған мал ұрлығына жаза да күшейді. Жергілікті полиция қызметкеріне қатаң қадағалауды тапсырған аудан әкімі Ә.Оразбекұлы бұл істі бірлесе отырып шешуге тырысатынын жеткізді. Одан әрі ауыл тұрғындары амбулатория, клуб үйінің құрылысы мен мектептің жөндеу жұмысы турасында сөз қозғады. Ауыл балаларының болашағын бағамдап, жаңа спорт кешені бой көтерсе деген тілегін де жеткізді.
Телікөл. Трансформатордың тозығы жетті
Телікөлде тындырылған жұмысты тізбектеген ауыл әкімі Ә.Сарсенбаев биылғы жылдың жоспарымен де бөлісті. Ең әуелі оң шешімін күтіп тұрған І-ІІ-ІІІ квартал көшелерін таза ауыз сумен түпкілікті қамтамасыз ету, жарықтандыру жұмыстарын қолға алатынын жеткізді. Сонымен қатар апаттық жағдайда тұрған ауыл клуб үйінің орнына жаңа ғимарат салу мәселесі де өзектілігін жоймай тұр. Ауыл тұрғыны Ә.Жақанов «Жел тұрып, жаңбыр жауса, ауыл қараңғыда қалады. Трансформатордың тозығы жетіп, сымдары дұрыс жалғанбаған. Электр жарығы өше қалса, электрик табудың өзі қиын» дейді. Ауыл халқының ұсыныс пікірін тыңдаған аудан басшысы Ә.Оразбекұлы Телікөл ауылдық округіне қарайтын арнайы электрик маманын тағайындауды тапсырды. Сондай-ақ трансформатор мәселесінде шешуге тырысатынын тілге тиек етті.
P/S: Ел игілігі үшін атқарылған толайым жұмыстардың жемісі жайында газеттің өткен нөмірлерінде жазып келеміз. Әрі аудан, ауыл әкімдерінің есептері де басылым беттерінде жарық көрді. Сондықтан оларды қайталап жатуды жөн көрмедік. Мақалаға атқарылар мәселелерді тұздық етіп, жыл соңына дейін жағымды жаңалықтарға құлақ түріп отырған жайымыз бар. Біздікі жұмыс істелмеді емес, алдағы жоспарға жұмыла кірісейік деген мақсат. Уәделі уақыт жеткенде жерге қарамай, шаруасы шираған елге қарағанға не жетсін?!
Н.Пірімбет,
Г.ДҮЙСЕБАЙ,
Б.Бәйімбет (фото)