Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Референдумда әр дауыс маңызды

Референдумда әр дауыс маңызды

Кезінде төрт мың жылдықта Ұлы Дала төсінде тағдыршешті небір құрылтайлар өткен. Ғасырлар жүгін арқалаған сондай елдік жиындардың арқасында бүгінгі күнгі – Тәуелсіз күйге ендік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!».
Халық үні – дәуір үні. Алдағы болатын референдум – сол елдігімізді сақтап қалудың тарихи бір айшықты көрінісі. Ең бастысы – конституциялық заң арқылы билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігі сақталады. Халықтың елді басқару ісіне қатысуын кеңінен қамтамасыз етеді. Өзара сенім артып, рух белең алады.
Сейсенбіде референдум бойынша облыстық қоғамдық штабтың мүшелері аудандағы Арман мәдениет үйінде бас қосты. Жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қоғам қайраткері, салық қызметінің үздігі ­Дайрабай Ысқақұлы мен аудан әкімінің орынбасары ­Алмасбек ­Есмаханов қатысты. Олар көзбе-көз жұртшылықтың ой-пікірін тыңдады.
– Референдумды қолға алған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын енгізу дүйім жұртшылыққа өте тиімді болмақ. Бұл жаңаша тыныс, тың леп. Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Ата Заңға өзгерістер енгізу алаштықтардың билікке деген сенімін нығайтып, ертеңгі күнге деген үмітін арттыра түседі деген ойдамын, – деді Серік Әбішұлы.
Отырысқа қатысқан Дайрабай Ысқақұлы референдумды өткізу идеясын қолдап, Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы ­сая­си институттардың құрылымдық қайта құруларын қамтитынын айтып, мықты Парламент, мажоритарлық сайлау жүйелеріне енгізілетін өзгерістердің оң нәтиже беретініне сенетінін жеткізді.
Иә, болашақтағы асулар бұдан да биік, еңселі. Сәйкесінше елімізде тындырылып жатқан түбегейлі реформалардың тізбегі де, тиімділігі де арта түсуде. Жиын барысында штаб мүшелері өз пікірілерімен бөлісіп, маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға үндеді.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ

28 мамыр 2022 ж. 628 0