Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаз есімі ұлықталды

Ұстаз есімі ұлықталды

Өткен аптада аудандық Арман мәдениет үйінде ардақты ұстаз Гүлнар Уалиуллақызына арналған «Анамыз мәңгілік жүрегімізде» атты кеш өтті. Аталған шараның мақсаты ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі ету. Басқосуға кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет, сонымен бірге Гүлнар Уалиуллақызымен қызметтес болған ел ағалары мен зейнеткер ұстаздар, бауырлары мен шәкірттері қатысып жүрек жарды лебіздерімен бөлісті.
Ұлағатты кеш №219 орта мектебіне арналды. Әуелі ұстаздың ұлы Дәурен Беркімбаев Тұманбай Молдағалиевтың сөзіне жазылған «Абзал ана» әнін орындады. Одан соң, шараны кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет ашты.
– Ұстаз – ұлағатты есім. Себебі, өз ғұмырын өзгеге арнайтын жандардың алдында хан да, қараша да, ғалым да, дарын да басын иеді. Ұстаз шәкірттеріне өмірлік азық болар тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік тұрғыда бағыт-бағдар береді. Осындай жанның бірі – Гүлнар еді. Ол өзін ұстаздық қырынан қана танытқан жоқ, шахматты да жақсы ойнайтын. Жақсы адамның ісі қашанда елге ұлағат, ұрпаққа өнеге. Ал Гүлнар қарындасымыздың өнегеге толы өмірлік жолын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру біздің парызымыз, – деді.
Одан әрі Гүлнардың ізін жалғаушы қызы Назым Дәулетқызы «Мама жанарың сенің қандай» әнімен сахнаға шықса, немересі Расул Дәулет «Айналдым әжем» әнін орындады. Артынша Арман Дүйсеновтың «Ұстазым» әнін Балнұр Құлақметова орындап ұстазға деген сағынышын баса алмады. Ал Құрал Молжановтың «Анашым» әнін Азамат Қасымхан орындады. Ұлағатты ұстаз шиеліліктердің есінде қарапайымдылығымен, іскерлік қабілетімен, жоғары адамгершілік қабілеттерімен қалды. Ардақты ұстазды еске алуға арналған жиынның соңында ­туыс­тары мен достары, әріптестері естелік әңгімелер айтты. Оның өмір жолы туралы бейнеролик көрсетілді. Арман мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық үлгідегі әндерін шырқады.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Гүлнар Уалиуллақызы Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауыл советіне қарасты 20-шы бекетте 1966 жылы 6 қаңтарда өмірге келген. Өз отбасындағы 6 ұл 4 қыздың ортаншысы. Ол №45 Октябрдің 14 жылдығы атындағы қазақ орта мектебін тәмамдаған. 1981 жылы Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищесінің ән салу бөліміне оқуға түсіп, 1985 жылы «Музыкалық тәрбие» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. 2012 жылы Халықаралық гуманитарлық техникалық университетінің «Музыкалық білім» мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолын 1985 жылы №244 қазақ орта мектебінен бастады. 1992 жылы №219 Ы.Алтынсарын атындағы қазақ орта мектебінде «музыка» пәні мұғалімі болып қызмет етті. Ал 2006 жылдан бастап Шиелі аудандық оқушылар үйінде «Балдәурен» эстрадалық ән үйірмесінің жетекшісі болып жұмыс істеді.
Әуезді үнімен Гүлнар шәкірттерінің жүрегіне жол таба білді. Оның шәкірттерге білім беру үрдісін жаңарту мен тереңдетуде, заман талабына сай ізденімпаз тұлға тәрбиелеудегі еңбегі өлшеусіз. Гүлнардың бірнеше жылғы шығармашылық жұмыстары бағаланып, аудандық, облыстық кәсіподақ комитетінің «Құрмет грамоталарымен», шәкірттерді байқауға дайындағаны үшін республикалық, халықаралық дипломдар, алғыс хаттар және Құрмет грамоталарымен «Үздік ұстаз», «Үздік педагог» номинациясымен марапатталды. «Өнер мен спорт егіз» дегендей, шахматтан әйелдер арасында аудандық, облыстық жарыстардың жүлдегері атанып, баспа беттерінде ол туралы бірнеше мақалалар жарық көрді. Ұстаздықтың тізгінін ұстаған ұлағат иесі 2020 жылы өмірден өтті. Осылайша көзі тірісінде көп іс тындырып, көптің көңіл түкпірінде сақталып қалды.

Ш.Тілеубаев
25 сәуір 2022 ж. 734 0