Жаңа қазақстан құру – жалпыға ортақ міндет
Жылдың басы бір дүмпумен басталды. Еліміздегі қазіргі экономикалық және әлеуметтік жағдайға толық сараптама жасаған ел Президенті Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауын жариялады. Осылайша қарапайым халықтың жанын жегідей жеген мәселелерді терең зерделей отырып, мемлекеттің дұрыс жолмен дамуының алғышарттарын көрсетті. Орын алған олқылықтардың бәрін жедел сауықтырып, түбегейлі реформалар жасауға дайын екендігін дәлелдей алды.Жолдауда көрсетілген 10 бағыттағы өзгерістер мен оңды бастамаларды халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы ақпараттық-насихаттық 4 топ құрылды. Аудан әкімінің орынбасары Айтбай Жандарбеков бастаған алғашқы топ 12-13 сәуір күні Ортақшыл, Жөлек, Бәйгеқұм, Талаптан, Бәйтерек, Қарғалы ауылдық округтеріне барды. Ақпараттық топ құрамында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры А.Алдабергенов, «Өскен өңір» газетінің бас редакторының орынбасары Г.Дүйсебай, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Ерназаров, Жастар ресурстық орталығының директоры Е.Әбдешов бар.
Ортақшыл ауылдық округінен басталған кездесуде аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков жолдауда айтылған әр бағытқа тоқталып, халық көкейінде жүрген сауалдардың жауабын берді. Ортақшылдық ағайын ауылға аяқ су жіберу мәселесін көтерсе, Жөлектегі тұрғындар ауыз су, қоғамдық көлік қатынасын қайта қарауды сұрады. Ал Бәйгеқұмның халқы бағдаршам мен жарықтың әлсіздігін алға тартып, электр бағаналарының керектігін жеткізді. Талаптандықтарды толғандырған мәселе аяқ су. Себебі, көктемгі егістік жұмыстар басталып кетті дейді, олар. Одан әрі бәйтеректік ағайының базынасына құлақ түрген аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков ауыл шетінде орналасқан «Сазқұм» қоқыс полигонын қоршау жұмыстарына қаржы қаралып жатқандығын тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта халықтың табысын арттыруға бағытталған барлық құралдар мен тетіктерді қарастыратын Әлеуметтік кодексті әзірлеу мен қабылдау туралы ойын да жеткізді. Президенттің айтуынша, осы халық үшін өте қажетті құжаттың болмауы салдарынан көптеген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, әлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр. Сонымен бірге халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажеттігіне де тоқталды. Жұмыс нақты әрі әр азаматқа бағдарланған болуы керектігін тапсырды. Басқарудың әр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекітудің қажеттілігін де ескерткен болатын.
Осы орайда ақпараттық-насихаттық топ құрамының мүшесі, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алмат Алдабергенов қайтарымсыз грант алудың талаптары мен бос жұмыс орындары жайында халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар зейнет жасына таяған адамдардың жұмыс табудағы қиындықтарын шешудің бір жолы «Күміс жас» жобасы туралы мол мағлұматтар берді.
Президент жолдауда субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселеге де жеке тоқталған болатын. Ол Үкіметке субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырмаларды жүктеді. Яғни бұл жұмысты қысқа мерзім ішінде атқаруға пәрмен берді.
Судсибия алуды жеңілдетуді, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуді бақылауында ұстайтынын айтты. Жолдауда көтерілген бұл бастамалар аясында аудандық өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азамат Ерназаров тарқатып айтты.
Сондай-ақ «кешегі Қасіретті қаңтар» оқиғасы БАҚ-ның рөлін айшықтай түсті. Біз ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуіміз керек» деген Мемлекет басшысы «БАҚ туралы» заңға өзгерту енгізуді ұсынған болатын. Бұл турасында аудандық «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Гүлнәр Дүйсебай баяндама жасады. Ал жастар мәселесі мен білім гранты төңірегінде Жастар ресурстық оталығының директоры Ержан Әбдешов баяндады.
Кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков ауыл тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, мұң-мұқтаждарына құлақ түрді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ