ЕҢБЕКТІҢ ЕЛЕНГЕНІ – ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНГЕНІ
Биыл елде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, ақ күріштің атасы Ы.Жақаевтың 130 жылдығы қатар тойланған ерекше жыл. Екі жылға жуық жұрттың үрейін қашырған карантиннен шығып, көпшілік жиындар қайта ұйымдастырыла бастады. Егемендік пен диқан тойы да лайықты деңгейде өтіп келеді. Жуырда облыс орталығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» атты салтанатты шара өтті. Оған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы келіп қатысты.
Жиында сөз алған Сенат төрағасы тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және ықпалды мүшесіне айналғанын атап өтті.
Жиында сөз алған Сенат төрағасы тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және ықпалды мүшесіне айналғанын атап өтті.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімдерінің арқасында еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында мүлдем жаңа қала салынды. Елорданы тұрғызу еліміздің барлық экономикасы мен өңірлердің дамуына мультипликативтік әсер етті. Осы жылдар ішінде Қызылорда облысы қарқынды дамып, қазір маңызды индустриялық және аграрлық өңірге айналды, – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Нұртөре Жүсіп, Ақмарал Әлназарова қатысты.
Салтанатты жиын барысында Мәулен Әшімбаев Президенттің атынан мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар қызылордалықтарға мемлекеттік наградаларды табыс етті. Айтулы шарада ауданның «Құрметті азаматы», аудандық мәслихат депутаты, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков «Құрмет» орденінің иегері атанса, Шиелінің төл тумасы, «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы, әріптесіміз Қазыбек Ботаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Дәулет Егембердіұлы – қаншама қайырымды істің басы-қасында болып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген ел ағасы. Мереке қарсаңында Шиеліден шыққан арда азаматтардың құрметке бөленуі – еңбектің қайтқаны деп ұқтық. «Елге қылған жақсылық, еленбей қалмайды. Еңбек еткен ерінбей – кенелмей қалмайды» деп осындайда айтса керек.
Сондай-ақ, Сыр өңіріне жұмыс сапары аясында Мәулен Әшімбаев Қызылорда қаласында табақша шыны өндіру және өңдеу зауытын іске қосу рәсіміне қатысты. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында іске қосылған бұл кәсіпорынның өңір үшін маңызы зор және аймақ экономикасына оң әсер етуі тиіс. Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев пен Гүлшара Әбдіқалықова «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 50 пәтерлі тұрғын үйдің кілтін тапсыру рәсіміне және спорттық-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ