Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көк туды тік ұстаған күн

Көк туды тік ұстаған күн

1 желтоқсанның қандай күн екендігі көпшілікке жақсы белгілі. Еліміздің Тәуелсіздік алғанынан бергі жетістіктері елеулі. Қазақстан бүгінде төрткүл әлемге танымал іргелі елге айналды. Бұл ретте­ Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен екендігі шүбәсіз. Әсіресе талай жыл ажал уын сеуіп келген Семей топырағындағы ядролық сынықтарды тоқтату туралы Жарлыққа қол қоюы ерлікпен пара-пар іс еді. Ұлт көшбасшысының тікелей ұйытқы болуымен, қамқорлығымен елордасы – Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласы бой көтерді. Ел астанасы қазіргі таңда тек еліміздегі ауқымды шаралар ғана емес, әлем көз тіккен маңызды халықаралық жиындар өтетін ордалы орталыққа айналды.
Қазақ елі 1991 жылы сайлаған Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіз Қазақстанның көк туын биікке көтеру жолында аянып қалмады. Сол 1991 жылдың 10 желтоқсанында Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Тейлер есімді ректордың қолдауымен облыс бойынша 2 адам «Қазақ Америка»­ халықаралық институына жолдама алған болатынбыз. Алланың сәтін салғанын көрмейсіздер ме, менде сол ұлықтау рәсіміне қатыстым. 3200-ге тарта адам жиналған рәсімде Елбасы жоғарыдағы жалғыз орындыққа жайғасты. Арт жағында көк байрақ пен оркестр тұр. Оркестр мүшелерінің бірі қимылдай бергенде туға тиіп кетіп, көк байрақ құлағалы жатқанда Елбасы орнынан атып тұрып ұстап қалды. Сол мезетте жиналған қауым тоқтаусыз 10 минут қол соғып тұрды. Содан бері Елбасының көк байраққа деген құрметі, жанашырлығы көз алдымнан кеткен емес. Өзімде 30 жыл сан түрлі сатыдан өтіп, мемлекеттік қызметте жүрдім. Елбасының болашаққа жасаған бағдары, сарабдал саясаты ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев тәуелсіздік алған жылдардан бері халықты ауызбіршілікке, ынтымақтастыққа шақырып келеді. Бүгінде дүниежүзін дүр сілкіндірген коронавирус індеті өкінішке қарай мемлекетімізді айналып өтпеді. Осындай қиын-қыстау мезетте Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы халыққа сабыр беріп, жігерлендіргендей. Елбасы өз мақаласында кез келген қауіп-қатерге, дертке дауа болатын халықтың күш-жігері мен ақыл-ойы, білімі мен ауызбіршілігінде екенін айтты. Оның көреген саясатының арқасында мемлекетіміз тәуелсіздіктің ең алғашқы күндерінен бас­тап, әлемнің барлық мемлекеттерімен достық қарым-қатынас орнатып келеді. Егемендік алған жылдары ел экономикасын алға жылжыту үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясы жасалып, «үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламалары аясында әлемдік бәсекеге қабілеттілік артып, көптеген жаңа жаңғыру жолдары ашылды. Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде Қазақстан өзін азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп, әлемдегі астық экспорттаушы­­ алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылғанымыз да реформалардың дұрыс болғанын өмір дәлелдеп отыр.

Тілеубек БАБАСОВ,
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»

01 желтоқсан 2020 ж. 541 0