ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ЖАЛҒАСЫН ТАБАТЫН БОЛАДЫ
Тәжірибе алмасу – іркіліп тұрған істің алға басуына септігін тигізетін практика десек те болады. Бұл тәжірибеден өткендер өзге өңірдің өзгешелігін байқап, іліп алар тұсын өз еліне алып келуге тырысады. Бұл кеше немесе бүгін пайда болып жатқан дүние емес.
Бұл тәжірибе кеңес дәуірінде де кеңінен қолданылды. Ұжыммен арасында осылай тәжірибе алмасулар жиі ұйымдастырылып тұрған. Ол үрдіс бүгінгі күнге дейін күшін жойған жоқ. Жуырда Жалағаш ауданының делегациясы келіп, ауданның тыныс- тіршілігімен танысып кетсе, олардың ізін суытпай, көрші жаңақорғандықтар келіп тәжірибе алмасты.
Ал, бұл сенбіде ауыл әкімдері Бәйгеқұм ауылының мәдениет үйінде бас қосып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, өзара тәжірибе алмасты. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы бастаған семинар жұмысы клуб үйінің ішінде орналасқан тігін цехы мен шаштараз жұмысымен танысудан басталды. Кәсіпкер Айжан Қуандықова бұған дейін бұл кәсіппен үйінде айналысқан екен. Қолынан келмейтіні жоқ. Түрлі-түрлі үлгідегі киімдерді өзі қиналмастан тіге береді екен. Сонымен қатар, шаш алуды да игерген. Осы тұста аудан басшысы «Өзге елден келген киімді емес, өзіміздің өлкенің киімін неге кимеске?» – деді. Өзіміздің өлкеміздегі тігіншілердің тәжірибесін жетілдіру үшін тәжірибе алмасу ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар, олардың қолынан дайындалған киім үлгілерін насихаттау үшін көрмелер ұйымдастырылып тұруы керектігін де тілге тиек етті.
Келесі кезекте семинарға қатысушылар клуб үйінің кіре берісінде орналасқан электронды үкімет е.gov бағдарламасы арқылы қызмет көрсететін бұрыш жұмысымен танысты. Мұнда ауыл тұрғындары интернет қызметін ғимарат ішіне келіп немесе 50-60 метр қашықтықтан Wi-Fi қызметін тегін пайдалана алады. Сонымен қатар, мекенжай, сотталғандығы, несие тарихы, жылжымайтын мүліктің болуы, жеке тұлғаның мекенжай деректерін тексеру, некеге тұру, неке бұзылғандығы туралы анықтама ала алады. Сондай-ақ, ауыл азаматтарының тынығып, әңгіме-дүкен құруы үшін арнайы орын да әзірленген. Сонымен қатар, ауыл әкімдері клуб үйінде орналасқан «Қазпошта» қызметімен және клуб үйінің жұмысымен танысып, өнері өрге өрбіп, жетістіктердің биік шыңынан көрініп жүрген биші қыздардың әсем биін тамашалады.
Ілгері істердің куәгері болған аудан әкімі барлық ауылда халыққа көрсетілетін қызметтерді жақсартуды тапсырды.
Е.ДАТКЕНОВ.