Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » жаңашылдыққа бой ұрған жаңақорғандықтар ауданда

жаңашылдыққа бой ұрған жаңақорғандықтар ауданда



Тәжірибе алмасу – көптеген жаңашылдықтың бастауы болып табылады. Ол кеңес өкіметі тұсында да, ұжым мен ұжым арасында ұйымдастырылып отырды. Осының арқасында басшылар көргенін өздерімен салыс­тыра отырып, ісін алға дамытатын. Осы мақсатпен осыдан санаулы күндер бұрын облысымызға қарасты Жалағаш ауданының делегаттары ауданда қонақта болса, өткен аптаның сенбі күні көрші Жаңақорған ауданының делегаттары ауданның тыныс-тіршілігімен танысты.
Жаңақорған ауданы әкімі орынбасарлары бастаған, ауыл әкімдері мен бөлім басшыларынан құралған қырықтан астам делегат ауданда болып, бірнеше нысандарды аралады. Атап айтсақ, «Алғабас» ауылындағы ақын Кенжебай Жүсіп басшылық жасап отырған мәдениет үйінде болды. Ақынның арнауын тыңдап, риза болған делегаттар жалпы құны 42 млн. теңгеге мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорттық сауықтыру кешенінде болды. Онда кіші футбол, волейбол, күрес, бокс, жаттығу залдарына тамсанып, ондағы жастармен тілдесті.
Мұнан соң, қонақтар өткен жылдың желтоқсан айында халық игілігіне берілген жобалық құны 36 419 мың теңге болатын әкімшілік ғимаратының көрінісіне де көз тоқтатты.
Келесі кезекте, іске қосылғанына көп болмаса да көпшіліктің ықыласына бөленіп, өнімдерімен елдің ризашылығын алып үлгерген «АруАНА» шұбат өңдеу цехында болды. Цехтың жұмыс барысымен танысып, көрші аймақтан келген қонақтар осындай мамандар жалпы өңірде тапшы екендігін тілге тиек етті.
Күн тәртібі бойынша меймандар 2015 жылдың мамыр айында пайдалануға берілген «Төңкеріс» ауылдық клуб үйінде болып, арнайы әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады. Ауылда алдағы уақытта атқарылатын жұмыс барысынан да хабардар болды.
«Ақмая» ауылдық округінен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жалпы құны 66 млн.теңгеге салынған спорттық сауықтыру кешенінде болған делегаттар таэквондошы балалардың өнерлеріне тәнті болып, ризашылықтарын білдірді. Көрші ауданның активтері «Аймира» балабақшасына да атбасын бұруды ұмытпады.
Келген қонақтармен сұқбат құрғанымызда, Жаңақорған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосова аудан әлеуметтік салаға көп көңіл бөлетіндігін алға тартып, «Алғабас» елді мекеніндегі жұмыстар мен клуб үйінің көңілінен шыққандығын айтты. Ал, «Нұр Отан» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мажид Малқожаев: «Бұрынғы жастар мен бүгінгі жастарды салыстыруға келмейді. Олардың өмірге деген көзқарастары да басқаша. Жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуда бүгінгі көрген екі спорттық кешеннің орны ерекше. Бос уақыттарын тиімді пайдаланады. Әрі, дені сау ұрпақ – біздің келешегіміз. Сонымен қатар, Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмалары аясында бұл ауданда барлық сала бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығы көз сүйсіндіреді», – деді.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
13 ақпан 2018 ж. 1 183 0