Елдос Сметов: Жақында жақсы жаңалықпен бөлісетін боламын
Токио Олимпиадасының жүлдегерлері Қазақстан Республикасының Президентінің жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Olympic.kz. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған дзюдо Елдос Сметов ІІІ дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды. Елдос Сметов мемлекеттік наградамен марапаттағаны үшін ел Президенті мен қазақ халқына алғыс білдіріп, жақында жақсы жаңалықпен бөлісетінін айтты. «Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталдым. Әрбір Олимпиадашы, Токио төрінде топ жарған отандастарым барлық марапатқа, құрметке лайық деп ойлаймын. Бізді қандай жағдай және нәтиже болмасын қолдап, үнемі демеу білдіріп отырған Мемлекет басшысына және қазақ халқына алғыс айтқым келеді. Әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғау – біздің, спортшылардың Отан алдындағы парызы. Ал дәл осындай қолдау мен сенімнің арқасында біз жігерленіп, борышымызды адал өтеуге барымызды саламыз. Токио Олимпиадасы тарих қойнауына кетті. Президентіміз айтқандай, бұл Олимпиада бізді келесі кезеңге бүгіннен бастап дайындалуға және ел спортына аса назар аударуға үгіттеді. Кәсіби спортшылар бұл тұрғыда көп ұзамай жаңа олимпиадалық циклге дайындықты бастайды. Осыған орай, өз кезегімде мен де жақында жақсы жаңалықпен бөлісетін боламын», - дейді дзюдшы Instagram парақшасында.https://24.kz/kz