Бетпердесіз бейқам күндерге асығайық
Әлемді жайлаған індеттің енді қандай «сыйы» бар екені бізге беймағлұм. Түрленіп қайта тарап жатқан жұқпалы дертпен күресуде бейқамдық жасауға болмайды. Медицинасы қарыштап дамыды деген елдердің өзі бүгінде алаң күй кешіп отыр. Дүние дағдарып, дүрдараз болып келген мемлекеттер бұл мәселеде мәмілеге келуге мәжбүр, қитұрқы кеселдің емін табу ортақ.
Бұрын болмаған вирусты жұқтыру да, одан сауығу да түрлі-түрлі ойға жетелейді. Ең қымбат деген дәрі-дәрмектердің өзі де дауа болмай, келместің кемесіне мініп кетіп жатқандарды көз көріп отыр. Керісінше, қарапайым препараттардан, анадан-мынадан тәуір болғандар да жеткілікті. Қысқасы, озық медициналық технологиялар мен мұздай қаруланған елдердің өзі індет өршіген кезде вирустың құлқынын тани алмай, дәрменсіз болғанына куә болғанымыз рас.
Ал, карантиндік режімнің өне бойында ең қат болған құрал қарапайым ғана маска болды. Алғашқыда қолда бар маскаларын қымбатқа сатып, жоқтары қолдан тігіп, пайда тапқандар да жоқ емес. Әлі де құны шарықтап тұрған көпкиістің тіпті дизайнерлік түрлері бар. Бұны неге айтып отырмыз? Бейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов бастаған мобильді топ адам көп шоғырланатын кәсіпкерлік нысандар мен базар ішін аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған топта аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Есімов, эпидемиолог дәрігер Л.Аширова және БАҚ өкілдері болды. Рейдтік жұмыс барысында халықтың әлі де екпеге сенімсіздігін, маскалық режимнің сақталмай жатқандығын аңғардық. Халық түсінбей жүрген негізгі сауал «Вакцина салдырғандар маска киюі керек пе?» дегенмен ұштасты.
Ауданда 84 мыңға тарта халық бар. Оның әзірге 23 мыңнан астамы вакцина қабылдаған. Ал, негізгі көрсеткіш 95 процентке жеткенде ғана маскасыз бұрынға күнімізге оралуға болады. Сондықтан, екпе қабылдаған адамдар әлі де маскамен жүруге міндетті. Қызыл аймақта тұрған облыс ретінде аурудың әлі өршіп тұрғанын да еске сала кетейік. Таңғы уақыттағы рейдте «Ал-Тайыр» сауда үйі, «Арзан» супер маркеті мен жайма базар ішіндегі тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Түстен кейінде мобилді топ рейдтік түсіндірме жұмыстарын жалғастырды. Кенттегі «Береке», «Ұлықбек», «Азамат» және кішігірім сауда дүкендерімен қатар халыққа қызмет көрсететін банк филиалдарына, қарызға ақша беретін бөлімшелерге, «Белес», «Кәусар», «Лайм», «Қанағат», «Чили», «Алмаз» сынды кафелерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бірқатар нысандарға ескертпе айтылды.
Күнделікті жұмыс жасайтын нысандар «Ashyq» бағдарламасының «QR» кодын енгізуі міндетті. Бағдарламаның арқасында тұтынушы мен ұсынушының арасында қарым-қатынас орнайды, егер бағдарламада жасыл белгісі көрсетілетін болса. Ал, қызыл белгі көрсетілсе, онда байланысқа шектеу қойылған дегенді білдіреді. Яғни, «Ashyq» бағдарламасы арқылы шектеу шараларына қарамастан жұмыс істеуге мүмкіндік аласыз. Сондай-ақ, тұтынушы ретінде сақтық шараларының орындалуын талап етуіңіз сіз бен біздің залалсыз өмір сүруіміздің кепілі болмақ.
Қадірменді ағайын! Вакцина мен қауіпсіздікті көздейтін бағдарламалардың барлығы ел саулығы үшін жасалып жатқан шаралар. Сондықтан үнемі бетперде киіп, арақашықты сақтап, жиын-тойға баруды қойып, қоғам болып індетпен күресуіміз керек. Сонда ғана әлемді жаулаған індеттен құтыламыз. Әйтпесе, лаулаған өрттей вирустың қызыл жалыны жасты да, жасамысты да көз алдымызда шарпуын қояр емес.
Гүлнар Дүйсебай,
Ақбота Баянбай
Ақбота Баянбай