Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Саулық – сақтықта!

Саулық – сақтықта!


Коронавирус – әлемді жайлаған қауіпті індет. Covid-19 инфекциясы елімізде тарап, қатаң карантиндік шаралар енгізілгеніне де бір жылдан астам уақыт өтті. Әйтсе де талай адамды етжақындарынан, туған-туысынан айырған бұл індет бізбен әлі де бірге өмір сүріп келеді.
Соңғы айлары жұқпалы індет қайта күшіне мініп, аурулар саны артқан. Онымен күресудің жалғыз жолы болып табылатын екпе шығарылса да, оны егу жұмыстары өте баяу жүргізілуде. Жақын күндері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та денсаулық сақтау министірлігінің жұмысын қатаң сынға алып, ескерту жасады. Министірліктегілердің бейғамдығының салдарынан былтырғы сценарий қайта қайталанады ма деді ме екен, әйтеуір, мемлекет басшысы бас дәрігер А.Цойға олқылықтың орынын толтыруға бір ай уақыт берді. Расында бейқамдық бізге пайда әкелмейтінін түсінетін уақыт жетті. Былтыр дертке дайын болмай шықтық деп ақталдық, енді не деп ақталмақпыз? Қауіпті індет қайта өршісе күресуге дайынбыз ба?
Қазіргі таңда елімізде вирус жұқтырғандар саны 255 мыңнан асып кеткен. Сәуірдің 1-і мен 4-і аралығында 8174 адамнан вирус анықталған. Облыстағы жағдай да мәз емес, мәселен, сәуір айының алғашқы 4 күнінде Қызылорда облысында 115 індетке шалдыққан науқас белгілі болыпты. Ауданның жайына тоқталсақ, жыл басынан бері Шиеліде короновирус инфекциясын 49 адам жұқтырған. Оның ішінде 32 адам емделіп шықса, 17 науқас үй жағдайында және ауруханада ем алуда, ал бір науқас осы дерттен көз жұмған.
Індет айтып келмейді, бірақ саулық сақтықта екендігін ұмытып бара жатқан секілдіміз. Маскалық режим былай тұрсын, қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық талаптар сақталмауда. Соңғы күндері өткен рейдтік шаралардың нәтижесінде ауданда карантин режимін сақтамаған 7 нысанға әкімшілік хаттама толтырылып, 7 жеке тұлғаға айыппұл салынған екен. Демек аудан кәсіпкерлері сақтықты ұмытып, пайда тауып қалуды ғана ойлап отыр деген сөз. Бұлай жалғаса берсе, блокпосттар қайта қойылып, қатаң карантин енгізілмесіне ешкім кепіл бола аламайды. Былтыр берілген 42500 теңгеден үміттенудің өзі артық. Себебі, жауапты мамандар «42500 теңге көлеміндегі көмек енді берілмейді», деп кесіп айтты. Ауру өршіп, блокпосттар қойылса, кімге өкпелемекпіз? Медицина саласы қызметкерлеріне ме?
Ал, олар болса, індеттің таралуына толықтай дайынбыз дейді.
Мәселен, Шиелі аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева «жалпы ауданда коронавирустық инфекция жұқтырған науқастарға арналып 140 төсек орын қарастырылған. Қазіргі уақытта 10 төсек орын жұмыс істеп тұр. Төсек орындардың көпшілігі ескі аурухана ғимаратында орналасқан. Өкпені жасанды желдету аппаратына келер болсақ, ауданда 19 ИВЛ аппараты бар, оның 3 данасы орталық ауруханада, қалған 16 данасы ескі аурухана ғимаратына орнатылған. Арнайы жасақталған орында қазір 4 науқас ем алып жатыр», деп отыр.
Дәрігерлердің сөздеріне күмәнсіз сенеміз, әрине. Себебі індеттен келетін кесірді олардан артық түсінетін жан жоқ. Бетпе-бет келген уақытта қасқайып қарсы тұрған да осы бүгінгі күннің батырлары. Карантин талаптарын сақтамай жүрген уақытта өзімізді ойламасақ та, осы жандардың еңбегін, қауіпсіздігін ойлап, маскалық режимді сақтап жүрейік. Сонда ғана індеттің кесірінен аман болып, елімізде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман орнамақ.

Рамазан ӘНӘПИЯ
05 сәуір 2021 ж. 352 0