Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Індет іргемізде тұрмасын...

Індет іргемізде тұрмасын...

Бір жұмадан соң көктемнің алғашқы айы басталмақ. Күн жылынып, көк шыға бастағаны көңілге қуаныш сыйлағанымен былтырғы індет қайта өршіп кете ме деген қауіп те көңілден толық сейілмеді. Иә, коронавирус әлемді жайлағалы міне бір жылға жуық уақыт өтті. Көптеген адамдар індетке шалдығып, кейбірі айықса, кейбірі келмеске кетті. Әлемдік экономика құлдырап, еліміз жаңа дағдарыс жағдайына бейімделіп келеді. Дегенмен індеттің беті әлі де қайтпай тұр.
Елімізде соңғы тәулікте 699 адам осы індетке шалдыққан. Ал көршілес елдерде жағдай анағұрлым тәуір. Мысалы, соңғы тәулікте Өзбекстанда 27, Қырғызстанда 44, Қытайда 11 індет жұқтырған адам тіркелген. Еуропа мен АҚШ-та жағдай керсінше жаман деуге болады. Қазіргі таңда АҚШ-та 928 мың, Ресейде 36 мың, Италияда 38 мың адам вирустан емделуде. Бір қызығы, ең алғаш ауру тараған Қытайда 401 адам ғана індетке шалдығып, ем алуда. 1,3 млрд халқы бар Қытай ауруды ауыздықтай алғанда, 18 миллион ғана халқы бар біздің ел індетпен тиісті деңгейде күресе алмай отырғаны өкінішті. Бұл әрине өзге елдермен, әсіресе ­Ресеймен алыс-берістің көптігінен туындап отырған жағдай болуы мүмкін.
Өңірлерге тоқталар болсақ, әрине көш басында Нұр-Сұлтан, Алматы мегаполистері тұр. Ізінше Павлодар, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс­ Қазақстан облыстары орналасқан. Қызылорда облысы жасыл аймақта. Бөрігімізді аспанға лақтырып, еркінситін күн әлі де жеткен жоқ. Бұған соңғы күндері вирустың қайта өршуінен кейін көзіміз жетті. Күні кеше облысымызда індет жұқтырған 12 науқас тіркелген, оның 2-і Қызылорда қаласының, 5-і Жалағаш, 1-і Сырдария, 4-і Шиелі ауданының тұрғындары. Жалпы өңірде осыған дейін 7414 адам індетке шалдығып, 3627 адам емделіп шыққан. Аудандар ­бойын­­ша Жаңақорған мен Шиелінің азаматтары індетті көптеп жұқтырған. Дәлірек айтсақ, шекаралас қос ауданда бас аяғы 1390 адам коронавирустық инфекцияны жұқтырып отыр. Сондықтан азаматтар әлі де маскалық режимді сақтағаны абзал. Себебі коронавирус ХХІ ғасырдың өте қауіпті, өлімге әкелетін вирустарының қатарына кіріп үлгерді. Мысалға, оба таралғанда 584 адам, холерадан 7,5 мың адам, құс тұмауынан 18 мың адам қаза тапқан. Ал дәл осы коронавирус­тан айналдырған 1 жылдың ішінде 2 479 138 адам көз жұмған. Бұл вирустардан адамзат бір жолмен ғана құтылды. Ол – жаппай вакцинациялау жолы. Елімізде вакцинация басталғанымен, азаматтардың үмітінен күмәні басым. Қол қусырып қарап отырғаннан вирус жойылып кетпейді. Осы мақсатта аудандарда да жақын арада екпе егу басталмақ. Қазіргі таңда ауданның 7399 тұрғыны екпе егуге жоспарланып отыр. Вакцинация 973 медицина қызметкеріне, 3460 мұғалімге, 2210-балабақша қызметкеріне, 632 студентке, 44-реабилитация қызметкеріне, 64 әкімгершілік қызметкеріне, 16 санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқарма қызметкеріне жасалады. Аудан ішінде індеттің белгілері қайта байқалып, іргемізге келіп тұрғандай. Індеттің қауіпті уақытын ескере отырып, әлі де сақтық шараларына көңіл бөлуді ұмытпағанымыз абзал.

Рамазан Әнәпия
23 ақпан 2021 ж. 418 0