Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » COVID-19: Ресейден келген студенттен қауіпті індет анықталды

COVID-19: Ресейден келген студенттен қауіпті індет анықталды

Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 170 адамға жетті. Соңғы тәулікте жаңадан анықталған 9 жағдайдың мән-жайын бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді, - деп хабарлайды kyzylorda-news.kz  ақпарат агенттігі

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 170 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 9 жағдай анықталды. Оның ішінде, бесеуі – Қызылорда қаласынан, төртеуі – Шиелі ауданынан. Қызылорда қаласында анықталған тұрғындардың барлығы – алдында анықталған науқастармен жақын қарым-қатынаста болып, карантиндік бақылауға алынғандар. Шиелі ауданында осы індетке шалдыққан 4 науқастың үшеуі – карантиндік бақылауға анықталғандардың арасынан тіркелді. Ал, біреуі – Ресейден келген студенттен анықталды. Бүгінде аталған науқастардың барлығы облыстағы инфекциялық ауруханаларға ауыстырылып, тиісті емдерін бастады», – деді Жақсылық Абдусаметов.


Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 170 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 2449. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1291, потенциалды байланыста болғандар – 11148 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 101, правизорлық стационарда – 49, карантиндік стационарда – 341 адам бақылауда.

Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, өткен тәулікте облысымызда коронавирустық инфекцияға байланысты 694 тест сынамасы жасалыпты.

«Соңғы тәулікте 694 тест сынамасы жасалды. Оның 509 – теріс мәнді болып шықты. Ал, 176 – әлі тексерілу үстінде. Бүгінде облысымызда 6556 тест сынамасының қоры қалды», – деді ол.


Сондай-ақ, басқарма басшысы соңғы тәулікте анықталған науқастар туралы маңызды ақпаратпен де бөлісті. Оның айтуынша, Қызылорда қаласында анықталған 5 науқастың барлығы – бір отбасынан.

«Соңғы анықталған жағдайларға байланысты ерекше атап өтетін нәрсе – бүгінде облысымызда отбасылық жұғу жағдайлары алға шығып отыр. Сондай-ақ, туыстық байланыс арқылы жұғу көрсеткіштерінің де саны артқан. Мысалы, Қызылорда қаласында індет жұқтырған 5 тұрғын – бір отбасының адамдары. Бұдан қоғамдық орындарда коронавирустық инфекция жұқтыру жағдайлары азайғанымен, отбасылық жұғу көрсеткіштері көбейгенін көруге болады. Осыған орай, әрбір азамат өзін ықтимал вирус тасымалдаушы ретінде сезінуі керек. Сол азамат басқа азаматтарды да ықтимал вирус тасымалдаушы ретінде қабылдау қажет. Туған-туыс, көшеде, қоғамдық орындарға осыған баса мән берген жөн», – деді Ж. Әбілқасымұлы.


25 сәуір 2020 ж. 460 0