Министр коронавирусқа байланысты ауыл адамдарына ескерту жасады
BAQ.KZ. ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауыл тұрғындарын да карантиндік режимді қатаң сақтауға шақырды.
Карантиндік шаралар нәтижесін беріп жатыр. Осы эпидемияның алдын алудың әзірге жалғыз әдісі болып тұр. Әсіресе, соңғы күндері енгізілген күшейтілген карантиндік шаралар жақсы әсер етіп жатыр. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы инфекцияның өсімі төмендеп келеді. Барлығы біздің бақылауымызда. Бұл екі қаладағы карантиндік шаралар тағы да күшейтілетін болады. Ал басқа өңірлерде өсім бар. Оны көріп отырсыздар. Алматы, Нұр-Сұлтан қаласының деңгейіне жеткізу үшін өзге өңірлерге де карантиндік шараларды енгізіп, күшейту қажет, - дейді Елжан Біртанов.
Ол ауыл адамдарының тым бейқам отырғанын және қазіргі кезде бұл індет ауылдарға жеткенін айтты.
Коронавирус инфекциясы тек қалада емес, ауылда да тіркеліп жатыр. Мысалы,Түркістан мен Қызылорда облыстарында және өзге аймақтарда шығып жатыр. "Ауылдық жерлердегі адамдарда бізге жетпейді" деген бейқамдық бар. Бұл дұрыс емес. Қалалармен қатар ауылдарда да тіркеліп жатыр. Үлкен қауіп. Ауылдық жерлерде де карантиндік шараларды қабылдау керек. Азаматтар мүмкіндігінше 2 аптаның ішінде отбасымен бірге үйде отыру керек. Бірінші кезекте қарт адамдарды байқаңыздар, - деді министр.