Ашық аспан астындағы музей
Тарих – өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі. Ал музей тарих беттерінде қатталған өткенннің еншісі таңбаланған ерекше жәдігерлердің көрмесі және кешегі мен бүгінгіні жалғайтын орда. Музей арқылы жас ұрпақ ата-бабамыздың қандай өр, еңбекқор, қаһарман болғанын ғылыми-мәдени ескерткіштер арқылы тани түседі. Сондай-ақ, жас ұрпақтың патриот сезімі ұлғайып, санасы рухани жаңғырады, тарихтан тәлім-тәрбие алады.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құрметіне Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде «18 мамыр – Халықаралық музейлер күні» мерекесіне орай, «Ашық аспан астындағы акциясы» ұйымдастырылып, музейге 30 экспонат тапсырылды. Мерекелік шараны музей меңгерушісі Құтықыз Ыханова ашып берді. Акцияға Шиелі ауданы мен Ыбырай Жақаев ауылының тұрғындары қатысты. Сейітбек Жақаев өз үйінде сақтаулы тұрған екі дана киноаппарат тапсырды. Мұнымен қоса, Әтіркүл Шорабаева бір дана самаурын, Рәбибі Нұржанова 84 дана әр елдің волюталарын, Серікбай Сейтімханұлы әкесі Сейтімхан Сахиевтың бұрынғы «Қызылту» колхозындағы ұстаханада пайдаланған құрал-саймандарын, Өтеген Жұмабеков Кеңес Үкіметі тұсындағы радио мен ағаш жону құралы сүргісін, Гүлнәзира Мұсаева ескіден қалған екі сандық, Тамара Байжігітова атасы Ұлы Отан соғысының ардагері – Әуелбай Сейітқұловтың Құран кітабын, тақиясын, орден-медальдарын, Шарипа Ерназарова атасы Ұлы Отан Соғысы ардагері – Абызбай Бексейітовтің суреті мен орден медальдарын, Гүлқашима Сағындықова атасы Ұлы Отан соғысының ардагері – Сұлтанхан Сегізбаевтың орден медальдары мен куәліктерін, Маржан Сәдуақасова Кеңес Үкіметі тұсында жарық көрген медицина тақырыбындағы кітаптарды, Құдайберген Жұмабеков өзінің әр кездерде шахматтан алған кубоктары мен алтын, күміс алқаларын, тағы басқа да музейге құнды дүниелерін табыстады. Ашық аспан акциясы болғандықтан музей ауласына «Музей тарих тағлымы» атты тұрмыстық заттардан көрме ұйымдастырылды. Музейге келген қонақтар ұжымның төл мерекесімен құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді.
Ақбота БАЯНБАЙ