Бес ғасыр адамына бес музей ашса да жарасады
18 мамыр – Халықаралық музей күні. Бұл атаулы күн Халықаралық музейлер кеңесінің Мәскеу мен Ленинградта өткен конференциядағы ұсыныстары негізінде 1978 жылдан бері аталып өтіліп келеді. Аталмыш мерекені әлемнің 150-ден астам мемлекеті тойлайды. Ал, Қазақстанның өзінде бүгінгі таңда 250-ге жуық музей бар. Қызылорда облысында 9 музей жұмыс жасаса, оның 3-і Шиелі ауданында орналасқан.
Осы мереке қарсаңында Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде «Музей – таным мен тарихтың бастау бұлағы» атты мерекелік іс-шара өтті. Аталмыш шараны «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет, аудандық мәслихат депутаты А.Әбдіқадырова, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет және ардагерлер жылы лебізімен ашып берді. Онда, Шиелі ауданындағы мектептерде ашылған қоғамдық негіздегі музейлер арасында музей қорындағы экспонаттардан «Музей – өлкенің тарихы, халықтың қазынасы» атты көрме қойылды. Тарихтың көзіне айналған құнды жәдігерлерді музей жетекшілері таныстырып, экскурция жүргізді. Кешегі мен бүгінгіні ұштастырған мерекелік шарада қазақы салт-дәстүрлер жаңғырып, ою-өрнекпен көмкерілген киіз үй тігілді. Ақ жаулықты әжелер сырмақ сырып, күбі пісті. Диірмен тартып, келі түю, құрт жаю, самаурын қайнату тәсілдерін жас ұрпаққа үйретіп, өнеге көрсетті. Нартай мектебінің қызметкері, ақын Ержан Әміров арнау айтып, «Бес ғасыр адамына, бес музей ашса да жарасады» деп жырлады.
Әжелер ансамблі ән салған шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, мерекелік ойындар ойнатылды.
***
Халықаралық музей күні қарсаңындағы мерекелік шара осы күні түстен кейін аудандық тарихи-өлкетану мұражайында «Өткеннің қазынасы – болашаққа» атты кешпен жалғасты.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру мақаласы аясында ұйымдастырылған шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеев ашып берді. Одан әрі ардагерлер де ақ тілегін білдіріп, музей қызметкерлерін мерекесімен құттықтады. Аталмыш іс-шарада аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашса, кеш қонақтары музейге сый тарту етті. Нақтырақ айтар болсақ, археолог ғалым, профессор М.Елеуов археология бұрышын қамтитындай, өлкеміздің орта ғасырдан сыр шертетін, маңызды тарихи құндылықтар болып табылатын жәдігерлер мен қолжазба кітаптарды сыйлады. Сондай-ақ, ауданда 1975 жылдан бері фотосуретке түсіру саласында қызмет атқарып жүрген, бүгінгі таңда «Аста» фотосалонының иесі Ә.Асанұлы өзінің жеке қорындағы көне фотоаппараттарды тарту етті.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.