Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұрт алаңы – жол жайы

Жұрт алаңы – жол жайы


«Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды». Қарап тұрсаңыз мәні мен мақсаты өзге бағытта айтылғанымен, бүгінгінің басты проблемасы саналар «жол мәселесінің» ахуалына дәлме дәл келетіндей. Себебі, ауыл мен қаланы, шаһар мен даланы, елмен елді, жер мен жерді жалғап жатқан жолдың сапасы күн тәртібінен түсер тақырып емес. Алысты жақын, жақынды алыс қылу сол жолдың күтімі мен жағдайына байланысты екендігі рас.
Жол дегенде шиелілік ағайынның ойына «ойдым-ойдым жерлермен, ытқып-ытқып жүгірген» ұзын құлақ сұр қоянның жайы еске түсетіндей. Әсіресе, жолы бітпей шорт кесілген Бестам ауылы мен Еңбекшіге барар жолдың машақаты, Ы.Жақаев ауылына барар жолдағы шұрқ тесілген көпірдің көптен бері шешім таппай келе жатқанын айтпасқа болмас.
Бестамға бағытын бұрғандардың басында бір сауал бар. Алғабастан бастау алып, Бестамды бойлаған 6 шақырым жолдың шорт кесіліп, аяқсыз бітіп қалатынын айтып ашынған халыққа сүйіншілер хабар бар. Келте тондай кесілген жолды жалғау үшін үкіметтен қаржы қаралыпты. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Баядилов «Бестам ауылдық округіндегі жол мәселесі шешімін тауып тұр деуге болады. Бүгінгі таңда Жиделіарық ауылының жолы жөнделді. Ендігі кезекте 25 мамырдан бастам Бестамның жолын жөндеуге кіріседі» деді.
Одан әрі мойнымызды Қаратауға қарай бұрдық. Алайда, 40-50 тонна жүк тиеген көліктердің шаңынан жолдың арғы бетіндегі еңбекшілік ағайындарды көре алмадық. Кедір-бұдыр жол бетін жеп тынған ауыр жүк көліктерінің мәселесі мінберлерде айтылып жүргеніне 3-4 жылдың жүзі болды. Десе де, айдалада тігілген ақ отаудай айқайы ауданға жете алмай жатыр. Жолаушының діңкесін құртатын жебір жолды жөндеуге тиісті мекеме асығар емес.

– Еңбекші елді мекенін аудан орталығымен байланыстыратын «Еңбекші» ауылына кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолына «Қазақөнеркәсіп» ҰАҚ қарасты «Сауда көлік компаниясы» ЖШС-ның Шиелі филиалының жол бөлімі жөндеу, күтіп ұстау жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі таңда, жол жөндейтін учаскелерге зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы Еңбекші бағытындағы автомобиль жолына орташа жөндеу жұмысы жүргізілетін болады, – деді, Ж.Баядилов.
Аталған ауылдағы жол мәселесі қозғалса «Батыс – Қытай – Батыс – Еуропа» жол бойынан өтетін аспалы көпірдің салынатындығы еске түседі. Еске түседі деуіміз де бекер емес. Себебі, бұл көпір салу жұмысының жоба-сметалық құжаты әзірленіп жатқанына да 3 жылға жуық уақыт болды. Түйенің етін жеген бұл түйіткілдің шешімін шешу үшін «ТТК» мен «Гежуба Шиелі» цемент зауытына әлі ұзақ телміретін түріміз бар.
Көпір дегеннен шығады, даңқты диқан Ы.Жақаев ауылына барар жолдағы «Мәлік көпірін» білетін боларсыздар? Кент әкімі Ғ.Аманжолов өткен жылы жөндеуден өткізуге уәде еткен бұл көпірдің тесігі әлі жамалмады. Биыл Даңқты диқан Ы.Жақаевтың – 130 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланбақ. Ауданға келген қонақтар күрішшінің ауылына соқпай кетпейді. Осы орайда, аталған «Мәлік» көпірінің сыйқы өзімізге сын болмаса жарар. Ы.Жақаев ауылының тұрғыны С.Алиев «Мәлік көпірінің» мәселесін шешіп беремін деген құрғақ уәденің қашан орындалатынын білмейміз? Әзірге амалдап тұрғанымен ертеңгі күні адам өміріне қауіп төндірмесіне кім кепіл? Құлап, сынып, бұзылғанын күтіп отыру қанға сіңіп бара жатқандай. Неге алдын алып, ертерек әрекет етпеске?» дейді.
Біздің назарға ілінген елді мекендерді аудан орталығымен байланыстыратын автомобиль жолдарының жай-күйі осылай болып тұр. Мәселен, биылғы жылы жоспарға ілініп, құжаты әзірленіп жатқан Жуантөбе, Сұлутөбе, Бала би ауылындағы көшелердің жөндеу жұмысына қаржы қаралса игі. Бұдан өзге де жолдардың жөндеуді қажет етіп тұрғаны жасырын емес. Тіпті, кент ішіндегі көшелердің өзі бір тақырыпқа тұздық боларлықтай.

Бағдаршам сәнге керек пе?
«Жолдың жайын жүрген білер» демей ме? Бірді айтып, бірге өтті демеңіздер. Жол мәселесін қозғаған соң, жолаушылардың да назына құлақ түре кеттік. Ондағысы бағдаршамның істен шығып, құр бағанаға айналғандығы. Иә, темір тұлпарды тізгіндегеннің бәрі жақсы түсінеді. Бағдаршам жол бойындағы кептелісті тудырмай, жүргізушілердің бағыт-бағдарын беру арқылы көлік апатының да алдын алады. Такси жүргізушісі Б.Асанов «Кент ішіндегі Әл-Фараби көшесі қиылысында орналасқан бағдаршамның бұзылғанына шамамен 5-6 ай уақыт өтті. Жол қиылысы болғандықтан келеңсіз жағдайлар көп орын алады. Кейде жас жүргізушілер үлкен жылдамдықпен өтіп кетеді. Осындай сәтте бағдаршам жұмыс істемегендіктен кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін ажырата алмай жатамыз. Бағдаршамды енді қашан жөндейді?» деген пікірін білдірді.
Ал, М.Мазаф есімді азамат А.Иассауи көшесі бойында орналасқан бағдаршамдардың шаңын сүртіп тұрса деген ұсынысын білдірді. Себебі, жасы егде тартқан жүргізушілер үшін күндізгі уақытта қай түстің жанып тұрғанын ажырату қиынға соғатынын айтады. Расында, шаң басқан бағдаршамның бағыты айқын болмай тұр. Одан бөлек, Шәкәрім көшесі қиылысындағы және Абылайхан көшесі бойында орналасқан бағдаршамдардың да жұмыс істемей тұрғанына бірнеше ай болды. Аудан тұрғындарының көкейіндегі мәселені қалам ұшына салып, зиялы қауымның назарына ұсынып жүргеніміз бүгін ғана емес. Бірақ, бұзылғаны жөнделіп, жоғалғаны түгенделіп жатқаны саусақпен санарлық. Әсіресе, ұзан сонар құжаттарға тізбектелген жолдардың қаржысы қаралмай кетіп жатқаны қаншама? Жыл басындағы жоспарға қарап сүйсініп отырғанда, қорытынды есепте жерге қарап қалмаймыз ба? Күтейік...

P.S. аудандық газет көтерген мәселеге тиісті бөлім, жауапты әкім тарапынан бүгінгі таңға дейін ҚР БАҚ туралы заңына сәйкес жауап ала алмай келеміз. Бұл жауапсыздық па? Әлде заңсыздық па?

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
14 мамыр 2021 ж. 658 0