Көпті алаңдатқан мәселе шешіледі
Бүгінде аудандағы басты мәселелердің бірі көпір екені жасырын емес. Мәселен, елді мекендерге баратын өткелдердің басым бөлігі осыдан елу жыл бұрын салынған. Одан бері тиісті жөндеу жұмыстары да жүргізілмеген. Дарияның арғы беті мен бергі бетін жалғайтын көпірлердің сапасы тіпті сын көтермейді. Арлы-берлі жүрген тұрғындар «Шықпа, жаным, шықпа» деп жанын шүберекке түйіп өтуге мәжбүр. Сондай-ақ Төңкеріс ауылына кіреберіс көпір тесілген, Телікөлге барар жолдағы екі көпірдің де жағдайы көңіл көншітпейді. Бидайкөлде де осындай мәселе бар. Кенттегі теміржол өткелінің үстінен көпір салу мәселесінің өзі бір бөлек әңгіме.
Күнделікті тіршіліктің тынымсыз қозғалысы үшін көпірдің маңызы зор. Сондықтан қандай мемлекет болсын көпір құрылысына аса мән береді. Көпір салудағы ең басты мақсат – көлік қозғалысының көптігінен кептеліс болдырмау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Иә, біздің ауданға да кептеліс таңсық дүние емес. Кентте күн санап автокөліктің саны артып келеді. Өткен жылы салық басқармасы берген мәліметке сүйенсек, бертінге дейін 13500-ге жуық көлік жүргізушісі тіркелген. Аудан бойынша 100 қоғамдық көлік бар болса, оның 70-ке жуығы «Самара-Шымкент» тас жолы бойындағы теміржол өткелі арқылы жүреді. Ал дәл осы өткелдің үстінен күніне 20-30 шақты пойыз қатынайды. Сонда бір күнде ауданда осыншама рет кептеліс болады деген сөз. Ал кептеліс бола қалса, кезекте тұрған көліктердің саны 40-50-ге жетеді. Олардың арасында асығыс келе жатқаны бар, дегбірі қашып, жұмыстан кешіккені бар, әйтеуір қашан қарасаңыз да, жүргізушілер бір-бірімен орынға таласып, ентелеп жатқанына куә боласыз. Қуаныштысы, аудан тұрғындары мұндай кептеліспен келесі жылы кездеспеуі мүмкін.

Қуанышымыздың себебі, көпті алаңдатқан көпір мәселесінің шешім табуы. Осыдан екі ай бұрын «Шиелі – 20 бекет» аралығындағы 2945 шақырымдағы қос жолдың үстінен көпір салу жұмысы басталған еді. Сметалық құны 644 млн 820 мың теңге тұратын жобаны «Стандарт ОИЛ» мекемесі жеңіп алған болатын. Қазіргі таңда мердігерлер құрылысты бастап, қарқынды жүргізуде. Құрылыс аумағында 70-80-ге жуық адам еңбек етуде. Оның ішінде 40 жұмысшы жұмыспен қамту орталығынан қамтылған. Алайда 13 адам өз жұмысына жауапсыздық танытқаны үшін, қызметінен айырылған екен. Қалған 27 тұрғын жұмыспен қамту орталығынан тартылып, көпір құрылысымен айналысуда. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аманның айтуынша, көпір жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Тағы бір жағымды жаңалық, мақаланың әлқиссасында айтқан ауылдағы көпірлердің де мәселесі шешімін таппақ. Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша Жөлек елді мекеніндегі автомобиль көпірі жөнделіп, пайдалануға берілген. Жөлек елді мекені тұсындағы Сырдария өзеніндегі қалқымалы көпір де күрделі жөнделуде, таяу күндері пайдалануға беріледі. Алдағы уақытта Төңкеріс, Ә.Тәжібаев, Бидайкөл елді мекендеріндегі көпірлер қалпына келтірілмек. Жол бойындағы көпірлер де жоспарға сәйкес жөнделеді деп күтілуде.
«Бір жол бар жақын, жақын болса да алыс» демекші, қазіргі кезде жол мәселесі де тақырыптан түспей тұр. Күрмеуі көп осы мәселе біздің ауданда ғана емес, күллі Қазақстанға таныс. Жасыратыны жоқ, сапарға шыға қалсақ, ойдым-ойдым шұңқыры көп жол діңкенді құртады. Бірақ Дана Аманның айтуынша, аудандағы елді мекендердің жолдары түгелдей жөнделіп, асфалтталады. Қазіргі таңда бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Мәселен, жуырда Жиделіарық аулына кіреберістегі жолды жөндеп бітірсе, енді Жуантөбеге баратын 5 шақырымдық жолдың жоба сметалық құжаты дайын.
Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ақмая елді мекенінің 3 шақырым ішкі жолы орташа жөнделіп, 2,0 млн теңгеге көше жарығы орнатылды. Келесі кезекте Майлытоғай, Бәйгеқұм, Жөлек сынды елді мекеннің тұрғындары да жол азабын тартпайтын болады. Тағы бір айтатын жайт, биыл «Самара-Шымкент» тас жолы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік жолын Алмалы ауылының арғы жағынан қосу жоспарлануда. Ал Шиелі кентінде Татенов, Қ.Қожасов, А.Айтенов, Қ.Қожасов тұйығы сынды бірнеше көшенің жолына орташа жөндеу жұмысы жүргізілуде.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА