Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпір құрылысы уақытша келеңсіздік тудыруы мүмкін

Көпір құрылысы уақытша келеңсіздік тудыруы мүмкін

Бүгінде аудандағы басты мәселелердің бірі – көпір болып отыр. Мәселен, елді мекендерге баратын өткелдердің берісінің өзі осыдан елу жыл бұрын салынған. Дарияның арғы беті мен бергі бетін жалғайтын көпірлердің сапасы тіптен сын көтермейді. Кенттегі теміржол өткелінің үстінен көпір салу мәселесінің өзі бір бөлек әңгіме. Одан басқа карантин мерзімінде тұрғындарға берілетін 15 мың теңге көлеміндегі коммуналдық көмек аясында да халық арасында сұрақ көп. Аталған мәселелер төңірегінде тұрғындардың сауалына мардымды жауап алу үшін аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аманмен сұхбаттасқан едік.
– Өзіңізге белгілі, аудан халқы теміржол өткелінің үстінен жүргізілетін көпір құрылысын асыға күтуде. Бұған ең басты себеп – пойыз жүріп өткен кездегі көлік кептелісі екені де анық. Қателеспесек, құрылыс биыл жүргізілу керек болатын. Бұған карантиннің әсері тимейді ме?
– Жоқ, көпір құрылысы бұған дейін жоспарланып қойғандықтан, карантиннің еш әсері тимейді. Бүгінде кенттегі «Шиелі – 20 бекет» аралығындағы 2945 шақырымдағы қос жолдың үстінен көпір салу жұмыстары басталып кетті. Жоба сметалық құны 644 820 мың теңге тұратын жобаны «Стандарт ОИЛ» мекемесі жеңіп алған болатын. Мердігерлердің құрылыс басында дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанына бір аптадай уақыт болды. Бұйырса, көпір жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
– Көпір құрылысына жергілікті азаматтарды уақытша болса да жұмыспен қамту қарастырылған ба?
– Көпір құрылысына 80-ге жуық адам жұмысқа тартылады деп жоспарланған. Олар түгелдей дерлік жергілікті тұрғындар болады. Бұл мақсатта аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.
– Көпір құрылысының ары-бері өтетін жүргіншілерге белгілі бір жолмен жүруді шектеу секілді әсері тимей ме?
– Шектеу болады. Алдағы 2-3 күнде «Самара – Шымкент» автомобиль жолының бойындағы орман шаруашылығына қарасты тұқым бағының тұсынан жолды уақытша жабу туралы шешім қабылдап жатырмыз.Соның әсерінен енді Досбол би, Алмалы, Бәйгеқұм, Бала би секілді арғы бетте тұратын халық «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолы арқылы айналып жүруге тура келеді. Одан бөлек көпір құрылысына байланысты біршама уақыт онға жуық елді мекеннің ауыз су жүйесінде де бірқатар өзгерістер болмақ. Тұрғындар осыны ескеріп, түсіністікпен қараса дейміз. Орын алғалы жатқан уақытша келеңсіздіктер үшін аудан халқынан алдын ала кешірім сұраймыз.
– Түсінікті, бұдан өзге Жөлек елді мекені мен Сырдария өзенінің үстінен қалқымалы көпір соғылып жатқанынан хабардармыз. Басқа да жоспарларыңыз бар ма?
– Жалпы аудан көлеміндегі көпірлердің біразы апатты жағдайда тұр. Мәселен, Төңкеріс ауылына кіре беріс көпір тесілген, Телікөлге барар жолдағы екі көпірдің де жағдайы мәз емес. Бидайкөлде де тура осындай жағдай. Сондықтан алдағы уақытта біздің күн тәрбіміздегі басты мәселе – осы өткелдерді қалпына келтіру болмақ. Айта кетейін, бүгінде Жиделіарық ауылына кіре беріс автомобиль жолын орташа жөндеу үшін бюджеттен қаржы қаралып қойды. Құрылыс жұмыстары бірер күнде басталатын болады. Одан бөлек қазіргі кезде «Самара – Шымкент – Майлытоғай» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жасалып жатыр.
– Дәл қазір көпшілікті карантин кезінде берілетін коммуналдық төлем жайлы сауал мазалайды. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар істеліп жатыр?
– Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің ресми сайтында бұл туралы толық ақпарат берілген. Негізінен 15 мың теңге көлеміндегі коммуналдық төлемді мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және оларға теңестірілген тұлғалар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары, төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер алуға құқылы. Бұл тұрғыда арнайы комиссия бекітіліп, нақты ережелер жасалды. Ауданда жоғарыда аталған топқа кіретін 12 мыңға жуық тұрғын бар. Бірақ өкініштісі, қазірге дейін олардың тек 2800-і ғана өтініш берген. Сондықтан аудан халқы мемлекеттің көрсетіп жатқан қолдауын тиімді пайдаланса дейміз. Бір айта кетерлігі, аталған коммуналдық төлем пәтер жалдап тұратындарға берілмейді. Ал үй иесімен жоғарыда аталған топқа жататын адам бір үйде тұрса, көмекті алуға құқылы. Өтініш беру 4-32-66 және 4-32-10 саll орталықтарындағы байланыс нөмірлері арқылы және жергілікті әкімдіктерге өтініш беру арқылы жүргізіліп жатыр.
– Білуімізше, бұл төлем қолға берілмейді ғой? Осыны нақты айтсаңыз, өйткені, тұрғындар арасында жеке счетына түседі деп ойлап жүргендер де бар екен.
– Иә, 2 ай бойы ақша тек коммуналдық төлем счеттарына ғана түседі. Ережеге сәйкес, 15 мың теңгенің 70 проценті электр энергиясына, 20 проценті газға және 10 проценті суға деп бекітілген. Ал коммуналдық төлемді алдын ала төлеп қойған немесе берілген қаржы асып кеткен жағдайлар болса, келесі айларға шегеріле береді.
– Ал үйіне газ кіргізілмегендер қайтпек?
– Газ жүргізілмесе өзінің қалауына қарай электр жарығы не суға төлем жүргізе алады. Осы орайда тұрғындарға өтініш, егер үйіне газ жүргізілмеген болса өтініш берген кезде бірден айтуларын сұраймыз. Тағы бір ескере кететін жайт, коммуналдық төлемге өтініш тек 20 маусымға дейін қабылданады.
– Көпшілікті мазалаған бірқатар сұрақтарға мардымды жауап алдық деп ойлаймыз. Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлхан ЯХИЯ
06 маусым 2020 ж. 326 0