Ардагерлер ардақталды
Адамзатқа орны толмас зор қасірет әкелген әлемдегі ең ірі ядролық техногендік Чернобыль апатына биыл 35 жыл толды. Апаттың салдарынан 5 миллионнан астам халық зардап шекті. Оны залалсыздандыруға 600 мыңға жуық адам қатысты. Химиялық қорғау полкі құрамында 32 мың қазақстандық болса, оның 80-і Шиелі ауданынан барған азаматтар еді. Бүгінде 30-дан астам азамат қана ортамызда.
Сәрсенбі күні А.Есмаханов Чернобыль АЭС апатынан құтқаруға қатысқан жерлестермізді қабылдап, келе жатқан мерекемен құттықтады.
«Ел ерлерімен еңселі» деген дана халқымыз ұлт пен ұлыстың ұлағатын ұлықтап, тарихын таразылап, ерлігі ерен еліміздің еркіндігін қастерлеп келеді. Ерліктің бастауы, алтын босағасы, түп тамыры – отансүйгіштік. Биыл еліміз үшін тарихи жыл. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Тарих үшін қас-қағым сәтте мемлекетімізде ғасырға пара-пар орасан зор жұмыстар атқарылды. Бүгінгі таңда еліміздегі жеткен жетістіктер мен алған асулар тек тәуелсіздік арқасында келді. Тәуелсіздік – еліміздің басты құндылығы.
Жалпы, Чернобыль апаты қаншама адамның өмірін қиды, мыңдаған адамды мүгедек етті. Әйтсе де жаны жайсаң, жүрегі жомарт, жігері қуат қазақ жігіттері қайсарлығы мен бірлігінің арқасында бір жұдырық болып жұмылып, бұл қиындықты да жеңе білді.
Кездесуге аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы А.Төлегенов, ауданаралық аурухананың бас дәрігері Н.Әмір, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Р.Шарипаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Д.Аман, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Меңлібеков, Шиелі кентінің әкімі Ғ.Аманжолов қатысты. Оларға ардагерлердің көтерген үй кезегі, жер мәселесі және денсаулыққа байланысты ұсыныстары мен арыз-шағымдары ескеріліп, аталған мәселер бойынша бөлім басшыларға тапсырма жүктелді.
Кездесу соңында А.Есмаханов барша ардагерлерге зор денсаулық, қызметтеріне табыс, отбасыларына бақ-береке тілей отырып, Жақсылық Қалдыбаев, Мамырхан Алимбетов, Бақытжан Алтынбеков, Мақсұт Төлегенов, Қанат Әлімбетовтерді марапаттады.
Ақбота БАЯНБАЙ