Оқушылар мектепке оралды
Төртінші тоқсаннан бастап өңірдегі жалпы білім беретін мектептердегі барлық сынып оқушылары аралас форматта оқиды. Алайда сыныптағы бала саны 25 адамнан аспауы тиіс. Жаңа қаулыны таныстырған облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова осылай деді.
– Облыста коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы әлі де тұрақсыз. Сондықтан білім ұйымдарында да сақтық шаралары жоғары деңгейде болуы керек. Себебі, соңғы тәуліктің өзінде 13 дерек тіркелді. Қазір өңірде бұл дертті жұқтырғандардың саны 4007-ге жетті. Кейін опық жемес үшін бұл қауіпті вирустың таралуын тоқтатуға барымызды салуымыз қажет. Ал, ол үшін қарапайым ғана сақтық шараларын орындау жеткілікті, – деді Динара Жаңабергенова.
Сақтық шараларын сақтау арқылы өтетін сабаққа оқушылар дән риза. Бастысы мектепке баратынына қуанып, асығып жүрген бүлдіршіндердің қарасы қалың. Бір уақыттары мектептен қашатын оқушылар енді дәстүрлі форматтағы оқыту жүйесіне асыққан. Қазіргі ахуалға байланысты министрліктің міндетті мектеп формасын талап етпеуі де құба-құп іс болып тұр. Себебі бір отбасында 3-4 оқушы болуы ғажап емес. Пандемияның әсерінен жұмыссыз қалған ата-ана үшін баланың бұрынғыдай сабаққа баруы алдымен моральдық, ал міндетті мектеп формасынсыз оқытылуы матиериалдық үлкен көмек.
– Менің 4 балам бар. Үшеуі мектеп оқушысы. Кезекпен қалтофон арқылы білім алатын бір үйдің балаларына пандемия ауыр соққы болды. Күні бойына үйде. Не қыдыртып, не сабаққа, не балабақшаға жібере алмай қалдық. Үйде отырған бала не істеуші еді. Осыларды асыраймын деп әкесі жұмыста. 4 балаға қарау үшін мен үйде отырмын. Төртеуінің тамағымен таңып атып, күнім батып жатыр. Сабақ оқытуда оңай емес. Мұғалімдей түсіндіре алмаймын. Түсінбегесін нұқып қалатынымыз бар. Содан азан-қазан болып жатамыз. Бұл менің басымдағы ғана жағдай емес. Барлығында сондай. Бәрінің жағдайы репетитор жалдауға келе бермейді. Мектепке баратынына қуаныштымыз. Балалар мектепті, достарын, ұстазын сағынды, – деді Айсұлу Ақылбекова.
– Ауданда жалпы 18447 оқушы бар. Оның 7956 бастауыш сынып оқушылары, 10481 жоғары сынып оқушылары. Жаңа қаулы бойынша бір сыныптағы оқушы саны 25-тен аспайды. Әр сыныпқа дезинфекциялық антиспрей қойылады және әр оқушы мен мұғалім маска киіп жүреді. Сондай-ақ әр сабақтан кейін мұғалім кабинетті желдетіп алады. Сабақтың ұзақтығы бұрынғыдай 40 минутты қамтиды. Сыныптардың үзіліс уақыты әртүрлі. Қосымша сабақтар онлайн, негізгі пәндер мектепте өтіледі. Сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады. Бізде 6 күн оқитын 4 мектеп бар, жалпы ауданда 40 мектеп. Қазір Қызылорда облысы «жасыл» аймақ боландықтан 1-11 сынып аралығындағы барлық сынып дәстүрлі форматта білім алады, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев.
Ал, Шиелі аудандық санитариялық -эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Әйтекееваның айтуынша, аудан бойынша 3 оқушыдан ковид белгілері анықталған. Олар емделіп, ПЦР тестін бірнеше рет тапсырған және 4 тоқсандағы сабаққа дайын. Егер бір оқушыдан вирустың симптомдары анықталған жағдайда сынып қана оқшауланып, онлайн оқуға жіберіледі. «Қазір біз «жасыл аймақпыз». Сондықтан қорқыныш жоқ», – деді ол.
Ақбота Баянбай