Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАШЫҚТЫҚТАН ЗОНДТАУ ЖҰМЫСЫ ЖҮРГІЗІЛМЕК

ҚАШЫҚТЫҚТАН ЗОНДТАУ ЖҰМЫСЫ ЖҮРГІЗІЛМЕК

Қызылорда облысының ситуациялық орталығында облыс әкімі Қ.Көшербаев, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ вице-президенті Айдын Айымбетов және компания қызметкерлері, сондай-ақ, мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен өткен жерді қашықтықтан зондтау және «Смарт сити» жобаларының презентациясы өтті. Презентация­­да жобаны жүзеге асырудың артықшылықтары таныстырылып, оны Сыр өңірінде еңгізу мәселелері талқыланды.
Елбасы Н.Назарбаев: «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында ІТ-технологияны дамыту, ақылды қала тұрғызу жобасын ұсынған болатын. Сондықтан, ғарыштық және навигациялық бақылау технологияларының көмегімен қашықтықтан мониторинг жүргізу аймақ экономикасының бірқатар салаларының дамуына айтарлықтай үлес қоспақ. Презентация барысында «Бұл жобалардың болашағы зор, сондықтан біз оларды қолға алуға мүдделіміз. Осы орайда, Қызылорда облысында әріптестік орнатуға жағдай жасалды, өйткені бізде Қазақстандағы тұңғыш ситуациялық орталық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Татарстан және Қытай елдеріндегі «ақылды қала» құру тәжірибелері зерттеліп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімдерге қол қойылды, математикалық және ІТ-мамандықтар бойынша кадрларды дайындау бағдарламасы іске асырылуда», – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Өз кезегінде, Айдын Айымбетов аймақтың қарқынды даму үстінде екенін және оң өзгерістер көп екенін атап өтті. «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы қызметкерлерінің айтуынша, жерді қашықтықтан зондтау деректерін өз бетімен иеленген жер телімдерін анықтау; жерді аймақтарға бөлу жобасын жасауды ұйымдастыру бойынша көмектесу; қатты тұрмыстық қалдықтардың мониторингі; көп жылдық көшеттердің мониторингі; жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық учаскелерінің мониторингі; ауыл шаруашылық өндіріс мониторингі; табиғи ресурстар мониторингі және жағдайын бағалау; су тасқындары жағдайының мониторингі, қар қорын бағалау және т.б., облыстың жерлерді тиімді қолдану бойынша бағдарламалар, жобалар және схемаларды жүзеге асыруға көмектесу үшін қолдануға болады.
Презентация қорытынды­сымен облыс әкімі жауапты тұлғаларға таныстырылған жобаларды аймақта енгізу мақсатында қажетті шараларды қолға алуды және тиімді әріптестік салаларын анықтауды тапсырды.

«Өскен өңір» ақпарат.
17 наурыз 2018 ж. 964 0