Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аялдамалар неге алқам-салқам?

Аялдамалар неге алқам-салқам?


Соңғы уақытта кенттен қабырғасы құлап, бұрышы бұзылған аялдамаларды жиі байқап жүрміз. Тып-тыныш тұрған тұрақтарға жаудың қайдан келгені белгісіз. Әйтеуір аялдамалардың шатыры құлап, бағанасы сынып, көлік күткен жолаушыларға пана емес, керісінше қауіпті аймаққа айналып бара жатқандай. Аяқ-астынан бұзылған бастырмалардың бұлайша жылдам көбейіп кеткені жөнінде жауапты сала мамандары жауап бермегендіктен, орын алып жатқан салдардың себебін анықтауға өзіміз кірістік. Содан аялдамалардың жаппай қирауының себебін білмекке бекініп, кент әкімшілігіне қоңырау шалдық.
Бұйымтайымызды бірден кент басшысына хабарласып айтсақ та болар еді. Бірақ, 30 мың халыққа «адал қызмет етемін» деп ант берген кент әкімі Ғабит Аманжоловты мазалағымыз келмеді. Бар ойымыз қайта сайланған әкімнің бес жыл бойы бітіре алмай келе жатқан шаруаларын асықпай бітіріп алсын, біз жағаласып, кедергі кетірмейік деген ниет. Сөйттік те кент әкімінің ұйымдастыру және шаруашылық бөлімінің басшысы Ғалымжан Бисембаевқа телефон шалдық. Жұмыс телефонын көтерген әкімдік қызметкері біз сұраған жауапты маманның да, кент әкімінің де орнындарында жоқ екенін, әлдебір шаруалармен көше аралап кеткенін айтып тұтқаны қойды. Сөзінен бір түрлі сенімсіздік байқадық та, іле-шала кент әкімінің жұмыс нөмірін теріп едік, тұтқаны Шиелі кенті әкімі Ғабит Сейілбекұлы көтерді. Аялдамаларға қатысты мәселе әкімнің де назарында екен.
– Биыл кент ішіндегі аялдамаларды жөндеуге бюджеттен 1 млн 450 мың теңге бөлінді. Жалпы кентте 22 аялдама бар. Соның тоғызына күрделі жөндеу керек. Наурыз айынан бастап, жоғарыда айтылған қаражат осы тоғыз аялдаманың жөндеуіне жұмсалады. Ал аялдамалардың неліктен бұзылып жатқанын басып айта алмаймын. Тек, екі аялдаманың бүлінгені көлік жүргізушілерінің кінәсінен екені анық. Қалғандарының қирауына жүгенсіз жастар себеп болуы мүмкін – деді кент әкімі.
Иә, кент басшысының сөзіне сенсек келесі айдан кенттегі аялдамалардың мәселесі толық шешіледі екен. Көктемнің келуіне санаулы күн қалды. Күтейік.
***
Орайы келгенде Өскен өңірдің бетін талай шимайлаған тағы бір мәселенің шетін шығарғымыз келіп отыр. Бұған дейін де сан мәрте айтылған бұл түйткілдің түйіні әзір тарқатылар емес. Бірақ, күдігінен үміті басым халықтың ұрпағы емеспіз бе? Осы жолы сөзіміз шығын болмайтын шығар деген ойдамыз.
Кейінгі кезде жолдар жіңішкеріп, тротуар мен жол шетінің арасы ұзарып, бірте-бірте алыстап бара жатқандай. Тіпті, қабат келген қос көлік соқтығыса жаздап, көшеге әзер сыйып жатыр. Соңғы уақытта аудандағы жол көлік оқиғаларының да жиілеп кетуіне бір жағынан осы жағдай да себеп секілді.
Өйткені, жырымшылап жасалған кейбір көшелерде көлік тізгіндеу қиындық туғызып отыр. Дегенмен, осы жолы кентті жаяу аралап, орталықта орналасқан кей көшелердің жағдайын көзімізбен көруді жөн санадық. Арғы шеттегі Шыныбековты емес, бас көше аталып кеткен Яссауи даңғылының бойындағы жаяу жүргіншілер жолымен жүріп келе жатып, кенттің көркін қашыратын бірнеше кемшіліктерді көзіміз шалды. Сапасы тым төмен жасалған жүргіншілер жолының тастары мүжіліп, кей жерлері арыққа айналып, су жиналған. Тобықтан келетін топырағына сәл ылғал тисе болды, лайға айналып кетеді. Әйтпесе, бюджеттен қыруар қаржы жұмсалған осы тротуардың тасын жаңалап, шетін ауыстырып, қайта жөндеуден өткеніне де көп уақыт болған жоқ. Десе де, қазіргі күйі көңіл көншітпей тұр.
Жалпы, біздің жер жұмсақ болғасын ба, әйтеуір орталықтағы осындай тротуарлардың көбі жылға жетпей жерге кіріп, жоғалып кете береді. Осының бір амалын табуға болмай ма? Мүмкін астын қалыңдатып, арнайы техникамен жақсылап таптағаннан кейін бетіне тас­ты төсеу керек шығар. Қалай болғанда да осы келеңсіздіктің ретін тауып, тротуарларды ретке келтіргеніміз жөн. Өйтпеген жағдайда, батпағы бетіне шыққан тротуардан тұрғындар аяғын алып жүргенімен, аяқ киімін алып жүре алмай жатыр.

Елдос Жүсіп
26 ақпан 2021 ж. 440 0