Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорегін қоқыстан тапқан

Қорегін қоқыстан тапқан


Көше кезіп, қоқыс тастайтын орындарда «қыдырып» ауызына іліккенін жеп жүрген сиырларды бұл күндері жиі ұшыратамыз. Ендігі көше кезіп жүрген бір ғана ит емес, оның қатарына сиыр да қосылып, қоқыс-қалдық тастайтын жәшіктердің маңында жүр. Сонда, «шынымен сиыр жайылатын жер жоқ па, әлде тұрғындардың салғырттығы ма?» деген сұрақ қайсымызды болса да мазалайды. Мазасыздануға да себеп жоқ емес. Көшеде қараусыз жүрген сиыр кент аумағындағы абаттандырылған орындарға, инфрақұрылымдық нысандарға нұқсан келтіруімен қатар, көліктердің жүрісіне де кедергі келтіреді.
Жалпы, көшеден қоқыс теріп жеген сиырдың сүті мен еті қаншалықты қауіпсіз? Неше түрлі иісі сонадайдан шығып тұратын бұзылған заттарды жеп, семірген сиырдың еті адал ма? Осы мәселелер жөнінде арнайы мамандарды сөйлетуді жөн санадық.
Аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Жұмабай Байдәулетовтың айтуынша «Малдың қоқысты жемеуі ләзім. Ол жерде түрлі тамақ қалдықтары, өзге де қоқыстар болғандықтан, микробтардың дамитын ортасы болып табылады. Ал, оны зиянсыз деп айта алмаймын» дейді.
Ал, кент тұрғыны Қ.Әбілда:
– Тек сиырдың қалдық-қоқыс тастайтын орындарда жүруі ғана көңілге онша қонымды нәрсе емес. Қалдық жеген малдың сүтін ішкен жақсы емес деп ойлаймын. Сол себепті, мен қолдан сүт тағамдарын алуды азайттым, – дейді.
Ал, аудандық Оқшы ата мешітінің бас имамы Р.Ахметовтен «Осынау малдың өнімдері қаншалықты адал?» деген сауалымызға қоқыс-жуынды жеген малдың етін арам деп айта алмаймыз. Ұрлықы малдың өнімі «арам» болады, – деп жауап берді.
Мейлі ол сиырдың өнімі адамға зиянсыз болған күннің өзінде, малдың өзіне кесір болуы мүмкін. Сиыр малының кез-келген нәрсені – қағазды да, шүберекті де қылғытып жей беретіні белгілі. Сол қоқыстан қағаз, полиэтилен қалта, өзге де синтетикалық заттар жеген малдың ас қорыту ағзаларының жұмысы күрт нашарлап, түйіліп қалу қауіпі жоғарыламақ.
Жуырда бір сиырым пышаққа ілінді. Түйіліп, жеген нәрсесі тамағына кептеліп қалған. Я әрі өтпей, я бері өтпей, – дейді кент тұрғыны Ж.Әшірбай.
Сондықтан, не болғанда да Зеңгі баба тұқымына қоқыстан қорек іздеудің «қайырсыз» екендігін егелері түсінсе дейміз.
Осы тұста айта кететін жайт, мамыр айынан бастап осы күнге дейін кент ішінде қараусыз жүрген 60 ірі қара мал ұсталып, иелеріне ескерту берген көрінеді. Әлі де түсіндіру жұмыстары жалғасуда екен.
Біз газетіміздің 15 мамырдағы 35 санында «Көшедегі кімнің сиыры?» деген тақырыпта мәселе көтерген болатынбыз. Осы мәселе төңірегінде кент ішінде орын алған оңды істің жайынан хабардар болдық. Атап айтқанда, Д.Смайлов, Бұқар жырау, Әйтеке би, Гагарин, Шілманов көшелерінің тұрғындары пада ұйымдастырып, кезекпен бақташы шығарып отырған көрінеді. Ендігі жайт, дәл осындай әл-Фарабидің, кенттің теріскей бөлігінің тұрғындары да осы игі істі қолға алып, қуаттаса, құба-құп болған болар еді. Сонда, кент ішінде жөнсіз жосыған сиырдың мәселесінен де ада болар едік-ау.

Дина ЖҮСІПОВА.
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ.
10 маусым 2018 ж. 1 208 0