Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткен жылға есеп, биылғы жылға жоспар. Ауданда ауқымды істер атқарылған

Өткен жылға есеп, биылғы жылға жоспар. Ауданда ауқымды істер атқарылған

Биылғы жыл бұрынғыдан өзгерек басталды. Кешегі әлемдік пандемияның салдары әлі де сезіледі. Індет әлі толық жойыла қойған жоқ. Сол себепті қатаң тәртіпті сақтап, сақтық шараларын орындай отырып, аудан әкімі Қ.Мүбараков халыққа есеп беру науқанына кірісті. Ауыл-ауылды аралап, жолға шыққан аудан басшысы өткен жылды қорытындылап, биылғы жылдың жоспарымен бөлісті.
Жұмысы жүйелі Жиделіарық
Биылғы есепті кездесу жұма күні Жиделіарық ауылдық округінен бас­талды. Ауылдық мектептің акті залында өткен есепті жиында карантин ережелеріне ерекше мән беріліп, талаптары толық сақталды. Кездесуде өңір басшысы мен Жиделіарық ауылдық округінің әкімі Ерлан Әбілдашев 2020 жылы жеткен жетістіктерімен 2021 жылға алдыға қойған жоспарлы міндеттері хақында қысқаша баяндама жасады. Жиынға мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасары мен бірқатар бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты. Иә, өңір басшысының есебі бұған дейін аудандық «Өскен өңір» газетінде жарияланғандықтан біз есепті кездесудегі негізгі мәселелерге тоқталуды жөн санадық.

Бірінші болып қалыптасқан дәстүрге сәйкес мінберге шығып, ауыл әкімі Е.Әбілдашев өткен жылы Жиделіде жасалған бірқатар нақты жұмыстарға тоқталды. Ауыл әкімінің баяндамасынан белгілі болғандай былтыр «Бастау бизнес» жобасымен 10 азамат алғашқы кәсіпкерлік негіздері курсын оқыған. Ал жаңа бизнес-идеясын іске асыру бағытында 9 адам 4 млн 995 мың теңге көлемінде мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Бұдан басқа ауылдың 2 тұрғынына 3,5 млн теңге несие беріліп, ашылған кәсіпкерлік нысанында қосымша 11 жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар, өткен жылдың еншісінде Жиделіарық ауылына кіре беріс автомобиль жолының 2 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы ұзындығы 4 шақырым бұл жолдың қалған бөлігі үстіміздегі жылы пайдалануға берілмек. Көше жарыға бойынша, 100 дана диодты жарықшамы орнатылған. Ал ауылдағы «Даурен Строй Сервис» ЖШС жүргізіп жатқан құны 177 млн теңгені құрайтын 150 орындық жаңа Мәдениет үйінің құрлысы биыл толық аяқталып, лентасы қиылатын күн де алыс емес.
Жалпы, Жиделіарықта күн тәртібінде тұрған мәселелер де жеткілікті. Бұл ретте ауыл тұрғыны Әбу Есімұлы халықты мазалаған біршама мәселелердің басын ашып, аудан әкімінің назарына ұсынды. «Жиделіге бірінші кезекте қуаттылығы жоғары трансформатор керек. Ауылда жарық жиі өшеді. Оның себебі үш көшеге жалғыз трансформатор қойылған. Оның өзі ескірген. Аяқ су мәселесі де маңызды болып тұр. Бүгін де есік алдына егін егуден қалып отырмыз. Ыза су да біздегі проблеманың бірі болып тұр, – деді ауыл тұрғыны.
Қойылған сұрақтар бойынша аудан әкімі трансформаторға қатысты мәселе жақын аралықта шешіліп қалатынын жеткізді. Ал ыза су мен аяқ суға байланысты тиісті мамандармен толық зерттеп-зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін нақты жауабын беретінін айтты.

Еселі еңбек Еңбекшіде
Жиделіарықтағы жиыннан кейін аудан әкімі Қ.Амангелдіұлының кезекті халыққа есеп беру жиыны қарт Қаратаудың етегіндегі Еңбекші елді мекенінде жалғасты.
Ауыл әкімі Б.Серікбайұлы ауылдағы білім, денсаулық сақтау, мәдениет, егін және мал шаруашылығы, инфрақұрылым салаларында атқарылған жүйелі жұмыстарды атады. Осының ішінде біздің көңілімізге ұнағаны еңбекшіліктердің еңбекке бет бұрып, елде егіс алқабының кеңейгені болды. Өткен жылғы статистиканы сөйлетсек, барлығы 698 гектар жерге егін егілген. Оның ішінде 450 га күріш, 131 га жоңышқа, 35га картоп, 82 га көкөніс, бақша дақылдары отырғызылып, диқандар мол өнім алған.
Тау тұрғындары кешегі әлемді әбігерге салған пандемия уақытында да қарап қалмай, елдіктерін көрсетіп, ауызбіршілік танытып, ауыл­да біраз шаруаның шетін қайырғанын көзіміз көрді. Елді мекенде арнайы еріктілер тобы құрылып, «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында жеке кәсіпкерлермен бірігіп, ауылдағы тұрмысы төмен, әлеуметтік көмекке мұқтаж 94 отбасыға азық-түліктей көмек таратқан. Ал Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаеваның немересі жеке кәсіпкер Берік Төрениязов тектілік танытып, өз қаражаты есебінен «Баба Ата» мешітінің барлық есік-терезелерін ауыстырып, жаңа бу қазандығын орнатқан. Сондай-ақ, екі қабатқа да толықтай жылы еден жүргізіп, күрделі жөндеу жасаған.
Ал ауыл тумасы Қалжан Назарсейтовтың демеушілігімен ауылға күші 400 кВт болатын жаңа трансформатор орнатылып, Е.Бектұрсынұлы, М.Мәметова, Ғ.Мұратбаев тұрғындарының жарық мәселесі толықтай шешілген. Еңбекші ауылдық округіне қарасты, Қосүйеңкі елді-мекеніне баратын аяқ-су каналының көміліп, бітеліп қалған бөліктерін тазартуға «Ляньцзи Инвест Сервис Казахстан» ЖШС-нің директоры Лиу Шүн Ғыңның тарапынан демеушілік жасалып, техника бөлінген. Техникаға керекті жанар-жағармай мен қосымша құрал-жарақты Қосүйеңкі елді-мекенінің тұрғындары, канал бойында орналасқан шаруақожалық өкілдері бірлесіп қамтамасыз еткен. Ауыл азаматтары арасында жинақ қор құрылып, қорға жиналған қаржыдан ауыл мешіті имамының жалақысы, «Баба ата» мешітінің ай сайынғы шығыны, мешітке керекті барлық заттар қор есебінен шешімін тапқан.
Иә, Еңбекшіде елеулі істер көп. Бірақ, ел ішінде проблемалық мәселелер де жоқ емес. Мәселен, ауыл тұрғыны Айтөре Жүсіп елді мекенде көгалдандыруға көптеп көңіл бөлінсе. Сосын балапанды күзде санағандай, көшеттерді отырғызған кезінде емес, жайқалып ағаш болған кезінде санаса деген ұсыныс айтты. Ал, Орал Керімбекұлы болса, ауылдағы жедел жәрдем авто көлігін жаңартып беруді сұрады. Тағы бір ауыл тұрғыны Абамүсілім Өмірәлиев ауыл үстімен тас таситын ауыр жүк көліктерінің бейберекетсіздігіне шектеу қойып, бір жүйеге келтіріп беруді өтінді.
Өңір басшысы қойылған сұрақтар бойынша жауапты мамандарға тапсырма жүктеп, өз бақылауына алып, іс жүзінде нақты жауап беретінін айтты. Сонымен қатар, ағымдағы жылы ауыл сыртындағы айналма жолға жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Ескі клуб үйіне қаржы қаралып, ауыл әкімдігін аталған мекемеге қайта көшіруді не болмаса басқа да халыққа қажетті мекемелерге беруді ауыл әкіміне тапсырды. Ауылға кіре беріс аркаға дейін жарық шамдарын орнатып, 1 трансформатор беруге уәде берді. Ал еңбекшіліктер үшін сүйінші жаңалықтың ең үлкені ауылға газ құбырын тарту үшін жобалық смета құжаттарына қаржы бөлінетіні болды.

Тұран түлеп жатыр
Бесіннен кейінгі бас қосу Тұран елді мекенінде өтті. Тұранды танымай тұрсаңыз таныстыра өтейін ол бұрынғы Төңкеріс ауылдық округі. Ш.Қодаманов ауылында ауыз толтырып айтарлық қайырлы істер жеткілікті. Оны біз ауыл әкімінің міндетін атқарушы Есенбек Қалдыбектің баяндамасынан естідік. Басқасын айтпағанның өзінде бір ғана көгалдандыруға қатысты істелген жұмыстар көңіл толтырады. Тұран ауылдық округі бойынша көктем және күз айларында елді мекенді көркейту, абаттандыруға байланысты тазалық айлары жарияланған. Апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, нәтижесінде көркейту және тазалық жұмыстары жүйелі түрде іске асып, елді-мекен абаттанған, ажарланған, келбеті келіскен. Ал елді мекенге кіре-берісте орналасқан «Жасыл желекті» толығымен аяқсумен қамтамасыз ету үшін 475,7 мың теңге қаражат бөлінген. 5 млн теңгеге Сәтпаев көшесі бойына ашық жаттықтыру алаңы орнатылыпты. 4100,0 мың теңгеге үш аялдама салынған. Бұйырса осы жылдың жоспарында елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ету тұр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы бөлуге жобалар өткізілген. Оның ішінде ескірген асфальт жолдарды жаңарту, жаңадан салынған көшелерге асфальт төсеу, алея салу және ескі стадион орнын жаңарту. Елді мекен ішіндегі барлық көшелерге жарық шамдарын орнату және жаяу жүргіншілерге арналған жолдар жасау да сиыр жылының еншісіндегі жұмыстар қатарында.

Асуы биік Ақмая
Кешегі күннің соңғы бағыты Ақмая ауылына бұрылды. Аталған ауылдық округте 37 шаруа қожалығы, 11 кооператив, 1 мемлекеттік тұқым сынау учаскесі бар. Ақмая ауылындағы ең негізгі жұмыс көзі егін шаруашылығы. Елді мекенде 2020 жылы жалпы барлық егілген егіс көлемі: күріш – 2462 га, күздік бидай – 671 га, мақсары – 10 га, көкөніс, бақша дақылдары – 327 га жерге егілген. Өткен жылы бұл ауылдан 650 тонна қауын-қарбыз, 60 тонна – көкөніс, 10 тонна – асқабақ өнімдері экспортталды. Ақмая ауылдық округінде егін шаруашылығымен қатар кәсіпке бет қойғандардың қатары қалыңдаған. Мәселен бүгінгі таңда 57 кәсіпкер жұмыс жасайды. 2020 жылдың 9 айында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының ІІ бағыты бойынша несие «Сырдария-1» НС-тен 3 адам –17 500 000 теңге, қайтарымсыз грант 12 адам – 6 565 600 теңге, басқа да «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 1 адам – 8 400 000 теңге несие алған. Атамекен кәсіпкерлік палатасы арқылы 12 үміткер «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы оқып сертификатын қолға алған. Айта кетейік Ақмаяда жыл бойына 30 жаңа жұмыс орыны ашылды. Өткен жылғы жұмысты қорытындылаған ауыл әкімі Бағлан Сағындықов 2021 жылы Ы.Алтынсарин, Қ.Әбдіқадыров көшелерін күрделі жөндеуден өткізіп, жарықтандыруға уәде етті. Бұл тізімде Болашақ көшесінің жарығы да бар. Сондай-ақ ауылдағы ағайынның көгілдір отынға қол жеткізетінін айтып қуантты. Қаңтар айының 29-ы күні бастау алған аудан әкімінің ауылдық округтердегі есеп беру науқанына 4 ауылдың тұрғындары оң бағасын берді.

Елдос ЖҮСІП
29 қаңтар 2021 ж. 555 0