Түйткілді мәселелер талқыланды
Өткен аптада аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасарлары, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларының басын қосқан жиын өтті. Жиын алдымен мараппаттау рәсімімен басталды. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы 11 қарашада өткен облыстық «Жастар күні» байқауының жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Жібек Баймұратоваға аймақ басшысының алғыс хатын табыстады. Сонымен бірге өңір басшысы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қазақстанның ауыл әйелдері» форумына қатысқан Төңкеріс ауылдық округінің әкімі Әлия Нұрманованы ҚР ұлттық экономика министрінің алғыс хатымен марапаттады. Айта кетейік, Әлия Нұрманова республикалық әйелдер форумында «Аудан немесе ауылдық округ әкімі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған болатын.
Марапаттау рәсімінен соң жиында бірнеше мәселелер талқыланды. Сәйкесінше, жауапты мамандарға тапсырмалар беріліп, ескерту жасалды.
Мәжіліс отырысында баяндаманы алғашқы болып аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы М.Мақаш бастады. Бөлім басшысы жобалық кеңсеге байланысты аудан бойынша жоспарланған жобалардың орындалу барысы туралы баяндады. Жалпы өткен және биылғы жылдың аралығында ауданнан облыстық цифрлық технологиялар басқармасына 5 жоба ұсынылған. Алайда, оның ішінде «Жылыжай» жобасы ғана мақұлданып, әрмен қарай іске асыруға рұқсат берілген. Ал аудан әкімдігі ұсынған «Цифрлық Шиелі», «Жаяу жүргіншілерге арналған ақылды бағдаршам» жобалары қаржы жетіспеушілігіне байланысты жүзеге асырылмаған. Сондай-ақ 2 гектар жерге 20 жылыжай салу жобасы да кәсіпкерлерге қаржы бөлінбеу салдарынан толық орындалмаған. Қазіргі таңда 6 жылыжай жұмыс істеуде. Сонымен бірге 6 жылыжай кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен соғылуда. Қалған жылыжайлар келер 2020 жылы іске қосылмақ.
Жұмысы тоқтап қалған жоба Тартоғай ауылдық округінде де кездеседі. Мұнда әу ¬баста 300 гектар жерге асқабақ егу жоспарланған екен. Тіпті одан мал бордақылауға арналған өнім алу жобасы да ұсынылған. Алайда, осы жұмыс та жеке кәсіпкердің инвестиция салудан бас тартуы мен аяқ су тапшылығының салдарынан жүзеге асырылмаған. Сонымен бірге Сұлутөбе ауылдық округіндегі «М.Тоқмағанбетов атындағы саябақ та» осындай себеппен салынбағанын баяндады М.Мақаш. Осы тұста өңір басшысы ауылдық округ әкімдеріне жыл аяғына дейін екі жобаны ұсыну керектігі жөнінде тапсырма берді. Ал М.Мақаш:
– Жобаға мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруға бөлінген қаржыларды негізге алуға болады. Мысалы, ауылдық округтер өңірлерді дамытуға бөлінген қаржыны жобалық басқаруға ендіріп іске асыруға болады (жол салу, көгалдандыру т.б). Сонымен бірге кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен іске асырылатын жобаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер жоба құнының 50 пайызынан аспауы қажет, – деп өз ойын білдірді.
Жүзеге аспаған жобалардың тізімін тарқатқаннан кейін аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы алдағы уақыттағы жоспарымен бөлісті. Оның айтуынша, 2019 жылдың аяғына дейін «Ақмая» шаруа қожалығында май шығаратын кәсіпорын ашылады. Аталған жоба іске асса, күніне 200 литр май шығаруды қолға алады. Бүгінде осы қожалық Қытай Республикасымен май өндіретін техника сатып алу үшін келісім шартқа отырған. Бұдан бөлек «Ақмая» шаруашылығында күріш ақтау кәсіпорыны бой көтермекші. Алайда, бұл кәсіпорын 2020 жылдың ортасында ашылады екен.
Ауданда келер жылы Таң ЛТД ЖШС-нің бастамасымен жүгері консервісін өндіретін кәсіпорын ашу жоспарда тұр. Бүгінгі күні 1000 га жер дайындалып, тегістелген. Егер жұмыс жүйелі жүрсе, көп ұзамай өңір тұрғындары жергілікті өнімді қолданатын болады.
Маржан Болатқызы